Осыған дейін бірқатар кәсіпкерлер өңір бойынша өткізілетін мемлекеттік сатып алу конкурстарының әділетсіз өтетіндігіне шағымданып, соңғы жылдарда тендердің 70 пайызын санаулы серіктестіктер ұтып келе жатқандығын жеткізген еді. Бұл ретте мәселе аймақ басшысы Даниал Ахметовке жетіп, арнайы жиын өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Брифингтің өтуіне басты себепкерлердің бірі – «Жол-құрылыс басқармасы-14» ЖШС директоры Александр Федосов еді. Айтуынша, төрт жылдың көлемі болды, бірнеше фирма қатысқан тендерде қалай болғанда да «Взрывпром», «Экспертиза және аналитика» немесе «ДСУ-11» ЖШС-ларының асығы алшысынан түсіп келеді. Ұдайы осы серіктестіктердің тендер ұта беруін А.Федосов қала әкімдігі мен ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан өз таныстарын тағайындап қоюларымен байланыстырды. Тіпті әділетсіздікке тосқауыл қойылар деген оймен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне де шағымданғанын жасырмады. Күрмеуі қиын мәселеден хабардар болған облыс әкімі Даниал Ахметов тиісті шаралар қолға алынатындығын нақтылап айтты.
– Осы мәселеге орай арнайы жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Оған облыс Прокурорының бірінші орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев сынды жауапты тұлғалар қазылық етеді, – деді өңір басшысы.
Осыған сәйкес әрі қарай жиын барысында Алмасхан Сматлаев тендер төңірегіндегі кикілжің арнайы топ мүшелерінің қатысуымен жеке қарастырылатынын жеткізді. Ал «ДСУ-11» ЖШС директоры А.Федосов тарапынан болған айыпқа еш келіспейтіндігін айтты.
– Байқайсыздар ма, Александр Федосов мемлекеттік сатып алу кезінде маған қаржыны әділетсіз жолмен иеленгенімізді айтты. 400 млн теңге көлеміндегі қаржыны белгісіз жолмен игергенімізді мәлімдеді, іс жүзінде жұмыс жоспары 290 млн теңгені құраған болатын. Демек Александр Иванович шынайы ақпаратқа ие емес, – деген Илья Елфимов «ДСУ-14» ЖШС директоры таққан айыптың қисынсыз екендігін жеткізді.
Арнайы жұмыс тобы мүшелерінің ұйғарымымен аталған мәселе жеке қарастырылып, әлі талқылаудан өтпек. Облыс әкімі де алдағы уақытта мәселенің бақылауға алынып, нақты шешім шығарылатынын сендірді.