Облыста сұранысқа ие мамандықтарды дайындайтын колледждердің техникалық жабдықталуы басты назарға алынуда, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Арнайы комиссияның шешімімен 10 базалық колледж таңдап алынды. Олар ауылшаруашылық, құрылыс, техника және энергетика саласының мамандарын оқытатын білім ордалары. Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлімдеді.
- Қазіргі таңда облысқа құрылыс саласының кәсіби мамандары қажет. Осы ретте Семей құрылыс колледжі негізінде құрылысшы мамандардың тәжірибелерін арттыру үшін тиісті жағдай жасап, қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз ету шарт. Білікті маман арнайы техниканың қыр-сырын меңгерсе, ертеңгі жұмысында жақсы нәтиже көрсете білді, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар жиналыс барысында облыс әкімі құрылыс фирмаларының басшылары мен құрылыс мамандарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру қажет екенін айтты.
Айта кетейік, биыл өңірде 3 колледжде құзіреттілік орталықтарын ашу үшін жергілікті бюджеттен 437 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Келесі жылы аталмыш орталықтарда 13 мамандық бойынша 1450 студент оқытылады.