Туризм обьектілерінің дамуы бойынша қажетті құжаттар әзірленетін болады. Осының аясында Алакөл демалыс орнының тәжірибесіне сүйеніп бірнеше обьектілер салуға, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған арнайы инвестициялық алаңдар жоспары көзделуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Уақыт өткен сайын аймақтағы туризм мен туристік орындар саны артып келеді. Бұған негіз – облыстың тамаша табиғаты мен мәдениеті, терең тарихы.
- Біздің өлке киелі орындарға толы. Сондықтан әр жердің тарихын терең зерттеп, оны демалушылардың көп келетін жеріне айналдыруымыз қажет. Ал мұндай ғажайып орындар әр ауданымызда баршылық, - дейді ШҚО Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов.
Катонқарағай өлкесі түрлі археологиялық қазбалардың қазынасына айналған орын. Осыдан бірер жыл бұрын профессор Зейнолла Самашевтың зерттеуімен ашық аспан астындағы музей ашылған. Марат Қабақовтың сөзінше, мәдениет басқармасымен бірлесіп болашақта тағы бірнеше ашық аспан астындағы музейлерді таныстыруға толық негіз бар.
Ал Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесі мінажат етушілердің көп келетін орнына айналып, күрделі жөндеуден өткені белгілі. Сондай ақ Қоңыр әулие үңгірі Семей өңірінің киелі мекендерінің бірі. Бұл жерде суға бальнеологиялық зерттеулер жүргізіліп, үңгір ішіне түсетін арнайы баспалдақтар салынған. Алдағы уақытта күніне 25 адам қабылдайтын қонақүй салынбақ. Қонақтар қиналмай жетуі үшін «Семей – Қарауыл» тасжолының жөндеу жұмыстарына 2 млрд-тан астам қаржы бөлінді.
Данияр ЗАЙНЕЛОВ