Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көлігі бұзылып, жолда қалған жүргізушіге көмек көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қараша айының 5-і күні «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар тасжолында Семейден Үржарға жол тартқан Азат Жұматовтың «Hyundai» маркалы автокөлігі істен шығып жолда қалған.
- Көлігін өз бетінше жөндеп көріп еді еш нәтиже бермеген. Сосын өтіп жатқан көліктерді тоқтауға тырысқан, алайда ағылған көліктер легінен ешбірі көмекке келмеді. Қас қарайған уақытта патрульдік көлік тоқтап, мән-жайды сұрап, жолда қалған жүргізушіні жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізген, - делінген мәліметте.
Жүргізуші Азат Жұматов өз кезегінде күздің қара суығында жолда қалдырмай көмекке келген борттық №520 «Chevrolet» қызметтік автокөлігіндегі жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Серік Қыдырбеков пен Асет Тілекеновке алғысын білдірді.
- Тәртіп сақшылары дер кезінде көмекке келді. Қазіргі уақытта қиын сәтте қолұшын созуға дайын адамдар бар екенін сезіну мені қатты қуантады. Полицейлерге үлген рахмет! - деді жүргізуші Азат Амангельдіұлы.
ШҚО ПД Жергілікті полиция қызмет басқармасы ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты жолға шықпас бұрын автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін ескертеді.