ШҚО-да көліктік бақылау инспекциясының жеті қызметкері жемқорлық үшін сотталды

456
көрілім

Биыл аймақ бойынша көліктік бақылау инспекциясының жеті қызметкері жүйелі сыбайлас жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олар былтыр шілде мен қыркүйек айлары аралығында  жүк тасымалдаушылармен алдын ала сөз байласып, облыс аумағында кедергісіз жүріп-тұру, көліктік бақылау пункті арқылы кедергісіз өтуі үшін 10 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі сомада пара алған.
– Бұл ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайластық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында анықталған ереже бұзған жүргізушілердің жауапкершіліктен құтылуларының амалы. Сонымен қатар талдау барысында көліктік бақылау инспекциясы тексеру шаралары кезінде бейнетіркеу тәртібін сақтамайтыны анықталды, – делінген мәліметте.
 Атап айтқанда, көліктік бақылау инспекциясының инспекторлары көліктерді тоқтату және қажетті құжаттарды сұратқан сәтті ғана бейнежазбаға түсірген, бақылау рәсімінің өзін назардан тыс қалдырған. Содан қолда бар 289 бейнежазба бойынша күндер мен уақыттарда сәйкессіздіктер анықталды.
Талдау барысында қаралған әрі тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізу.
– Техбайқау елімізде жүргізіле бастаған сәтінен бастап үнемі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алуда. Қазақстанда жеңіл автокөлік үшін міндетті техникалық байқауды өткізу қағаз жүзіндегі рәсімге айналды. Жалпы, автокөлік иелері өз көлік құралдарының ақауларын диагностикалаумен және жөндеумен айналысады, – деді Департамент өкілдері. – Көлікті техникалық жарамды күйде ұстау жөніндегі міндет «Жол жүрісі туралы» Заңның 49-бабының 2-тармағында да бекітілген.
2022 жылдан бастап Ресей Федерациясында жеңіл автокөліктерді техникалық байқау тоқтатылды. Олардың пікірінше, жол-көлік оқиғаларында техникалық ақаулары бар жеңіл автомобильдер мен мотоциклдердің қатысу ықтималдығы төмен 1,1 және 0,7%. Осыған ұқсас себептер бойынша техникалық байқау Қытайда, Австралияда және Американың бірқатар штаттарында жоқ. Осыған байланысты Көлік комитетіне ІІМ-мен бірлесіп, жеңіл автокөліктерді міндетті техникалық байқаудан өткізудің қажеттлігіне қатысты мәселесі қарау туралы ұсынымдар берілді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қорытындысы бойынша ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметінде 35 сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтады, оларды жою бойынша 40 ұсыным енгізілді. Осы талдаудың нәтижелері ШҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерінің назарына жеткізілді.