ШҚО-да көмекке мұқтаж жандар алаяққа арбала жаздады

2592
көрілім

Кейде бізден адамгершілік пен мейірімділік біржола алыстап бара жатқандай көрінеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демеп пе еді бабаларымыз. Қазір адамнан ба, заманнан ба, кім білсін, тұлпардан тұяқ, адамнан ұят кеткен кезеңде өмір сүріп жатқандаймыз. Бұрынғының адамдары ойдан орып, қырдан қырып бір ауылды асырап еді. Ал бүгінгілердің арасында адамгершілігін ақшаға айырбастап, құлқынның құлына айналғандар аз емес. Олардың ішінде көмек қолын созамын деп сазға отырғызып кететіндері де бар. Сол «қамқор жандар» құрығына көбінесе көмекке мұқтаж жандар түсіп жатады. Қалай дейсіз ғой? Сізге хабарласқан алаяқтар «аспаннан ақша жауғызып, жерден сарай салғызамыз» дегенге саятын уәделерін үйіп-төгеді. Тек осы жомарт көңілі үшін аз мөлшерде ақша талап етеді. Көмекке зәру жандар үшін әуел баста бұл таптырмас мүмкіндіктей көрінеді... деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

«Алтын алқа» иегерін алдамақ болған

Иә, бір қарасаңыз бұл мәселе «Алтын балық» ертегісін еріксіз еске түсіреді. Ертегіде алтын балық шалдың бүкіл арманын орындайтын еді ғой. Бірақ жоғарыдағы «қамқор жандар» алтын балық кейпінде келсе де, түптің түбінде сан соқтырып кетуді көздейді. Өкінішке қарай, құзырлы органдар да ел ішіндегі алаяқтыққа төтеп бере алмай отыр. Хош. Созбалаңға салмай бұл мақалаға арқау болған оқиғаны баяндалық:

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Тар үйде тарыққан тағдырлар» және «Дауасыз дертке ұшырады» деген тақырыптағы мақалалар жарияланған еді. Оның бірі баспанаға зәру болған «Алтын алқа» иегері Гүлжан Бөлекбаева туралы болса, ал екіншісі сәбиін емдетуге көмек сұраған Индира есімді жалғызілікті ана жайында болатын.

Бірде редакция телефоны шырылдай жөнелді. Тұтқаны көтеріп едік: «Газеттеріңізде баспанасыз жүрген көпбалалы ана туралы мақала шығыпты. Өзім Ұлан ауданында тұрамын. Әскери қызметкермін. Жұмысым ауысып елордаға көшетін болғандықтан үйімді сол кісіге тарту етейін деп едім. Өзім де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Гүлжан апайдың нөмірін бере аласыздар ма?» деп сұрады ол. Кеудемізді қуаныш кернеп6 бірден Гүлжан Бөлекбаеваның нөмірін айтып бердік. Араға бір сағаттай уақыт салып көпбалалы ана бізге хабарласты. Баспаналы болатынын естігенде көз жасына ерік берген тәрізді. Дауысы діріл қағып әрең шығып тұр. «Аллаға шүкір, бізге де бір баспана бұйыратын тәрізді. Осы жексенбі күні үйді көруге барамыз» деді.

«Мен ондайды ұнатпаймын»

Бұндай қуанышты бей-жай қалдырмай оқырмандармен бөлісуді жөн көріп, үй беретін кісіге хабарластық.

– Ассалаумағалейкүм! «Менің өлкем» газетінен хабарласып тұрмыз. Баспанасыз жүрген көпбалалы анаға қуаныш сыйлап жатыр екенсіз. Сіздің осындай жомарттығыңызды газет бетіне жазайық деп едік. Өзіңізді таныстыра кетсеңіз...

– Жоқ, бауырым, мен ондайды ұнатпаймын. Жай көмектескім келді. Басқа жаққа көшіп барамын. Сол себепті үйді беріп кетейін дедім, – деген ол телефон тұтқасын қоя салды.

Ертеңінде Гүлжан Бөлекбаеваға хабарласқан әлгі жігіт онсыз да қалт-құлт етіп, күнді-күнге әзер жалғап отырған анадан ақша талап еткен.

– Ол маған «74 мың теңгені нотариуске аударыңыз. Үйді сіздің атыңызға аудару туралы құжатты істей берсін» деп менен ақша сұрап, белгісіз карточка нөмірі мен жеке бас куәлік нөмірін жіберді. Осы орайда «үйді екінші адамның атына аудару үшін менің қол қоюым керек емес пе?» деген ой бірден сап ете түсті. Бір қызығы, аты-жөнін сұрасам, үнемі әңгімені басқа жаққа бұра береді. Ақыры одан күмәндәна бастадым, – деді көпбалалы ана.

Құқық қорғаушылар құлықсыздық танытты

Осы орайда үй иесіне мән-жайді білмекші болып тағы да қоңырау шалдық. Ақырындап мәселенің беті ашыла бастады.

– Менің журналистермен сөйлесетін уақытым жоқ, енді мені мазаламаңдар! Гүлжан апай екеуіміз мәселені өзіміз шешеміз. Енді араласпаңдар, – деп ол бізге зекіп тастады.

Одан соң күні-түні көпбалалы анаға қоңырау шалып, SMS хабарламаларды қарша боратқан. Тіпті бірде «тым болмағанда ақшаның жартысын жіберіңізші» дегенін қайтерсіз... Сөйтіп, ақырында «қайырымды жан» «үйді көрсетемін» дегенге дейін барып, қолға ақша тимеген соң өкпелеген сыңай танытып, хабарласпай кетеді. Осы кезде «Алтын алқа» иегері полиция қызметкерлерін шақыртып, мән-жайды түсіндіреді. Өкінішке қарай, олар «Біз тек сіз алданған жағдайда ғана тексеру жұмысын жүргіземіз» деп кетіп қалған. Тәртіп сақшыларының бұл іс-әрекеттерін естігенде таңқалғанымызды жасырмаймыз. Бірден заңгерге хабарласып, оқиғаны түгел баян еттік.

– Ақша жібермеген жағдайда да бұл жерде алаяқтың алдамақ болғаны сөзсіз. Заң бойынша полицейлер іс қозғап, күдіктіні анықтау керек. Ал қаржылай шығын келтірілмеді деп әрекетсіздік танытқандары әсте дұрыс емес. Сондықтан Прокуратураға шағымданғаны жөн, – дейді заңгер Анатолий Божков.

«80 мың теңге берсең, 800 мың теңге аласың»

Арада біраз уақыт салып қазір Нұр-сұлтан қаласында тұратын жалғызбасты ананың дауасыз дертке ұшыраған баласы туралы мақаламыз газетке шықты. Индира Сармулдинова бауыр еті баласын емдету үшін қаржылай көмекке мұқтаж еді. Көп ұзамай редакцияға тағы да белгісіз нөмірден қоңырау келді. Бұл жолы хабарласқан ер адам емес, әйел. Өзін Алтынай деп таныстырған ол Индираға материалдық көмек көрсеткісі келетінін жеткізді. Бұл жолғысы да алдыңғысындай жанашырлығын шамасы келгенше білдіріп-ақ жатыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, осы жолы біз «мейірбан жанның» шын ниетін білмек болдық. Яғни Индира ретінде басқа қызды сөйлестірдік.

– Алло, бұл Индира ма? Менің есімім – Алтынай. Үржар ауданы Бақты ауылынан хабарласып тұрмын. Жеке кәсіппен айналысамын, бүгінде екі дүкенім, бір тойханам бар. Сізге қаржылай көмек көрсетейік деп едік.

– Иә, жақсы болды ғой. Мың да бір рақмет сіздерге!

Артынша Бақты ауылының тұрғындарымен байланысқа шықтық. Аядай ауылдағылар бірін-бірі бес саусақтай білетіні белгілі. Анықталғандай, сол елді мекенде Алтынай есімді біреу бар екен. Бірақ аталмыш дүкен мен тойхана иесі емес екен. Кешкісін әлгі «кәсіпкерге» тағы қоңырау шалдық. Тұтқаны ер адам көтерді. Өзін Алтынайдың күйеуімін деп таныстырды. Бір қызығы одан Алтынайды сұрағанымызда «дәмханаға кетті» деді. Бізде бір кафе және бір дүкеніміз бар деп өз сөздерінен жаңыла бастады. Ертесі сол бұрынғы әдеттерінше «біз сізге 800 мың теңге қаржылай көмек жасайық деп едік. Сіз бізге комиссиялық алымдар үшін 85 мың теңге аударып жіберсеңіз. Екі күн уақытыңыз бар» деп Алтынай уақытына дейін кесіп айтты. Біз келіскен сыңай танытып, одан жеке куәлік пен карточка нөмірін сұрадық. Көп күттірмей жіберді. Айтқан сөздерінен мейірім шуағы ескен «қамқор жандардың» бет пердесі дәл осы сәтте ашылды. Олардың жіберген банк карточкасының нөмірі Гүлжан Бөлекбаеваға жіберген номермен сәйкес болып шықты. Сөйтіп бұл жолы да алаяқтардың жолы кесілді.

Шыр айналған дүние - ай! Ардан аттап, ұяттан безген әлгі алаяқтар онсыз да тағдырдан теперіш көріп, қиындықтың қамытын киген жандарды тұзаққа түсіріп пайдаға кенелмек. Жығылғанға жұдырық жұмсайтын сол алаяқтардың осылай айдың-күннің аманында емін-еркін елді алдап-арбап жүргенде құқық қорғау органдарының бейжайлық танытқандары қай сасқаны?! Бізге қазір белгілісі осы ғана, ал бұған дейін қаншама адамдардың қармақ қапқанын кім біледі? Арыз жазғаннан да қайыр болмаған соң қарғыс жаудырады да қолды бір сілтейді. Ал алаяқтар болса шеңгелін жайып, кезекті құрбандарын іздей бермек...

Таунар ҚАЙРАТ