Өңірде 15 КТ аппараттары бар. Басқа облыстарға қарағанда екі есе көп. Аталған аппарат өкпенің аздаған зақымдануын анықтап, кез келген деңгейдегі пневмонияны уақтылы емдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметке сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бактериялық пневмониямен сырқаттанғандардың саны өткен жылдардың осы кезеңдерімен салыстырғанда аса өзгеше емес. Мысалы 2018 жылы жарты жыл ішінде 6138 ауру жағдайы тіркеліп, оны 95-і қайтыс болса, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында пневмониямен ауыратырған 4937 адам тіркелді. Қайтыс болғаны – 79 адам.
- Шығыс Қазақстан облысы компьютерлік томография аппараттарының саны жеткілікті аймақ, - дейді өңірдің Бас пульмонологы Загрипа Әбдиева. - Сондықтан өкпенің зақымдану дәрежесі 3-5 пайызды құраған кезде ерте кезеңде ковидті пневмонияны анықтаймыз. Мұндай науқастар бізде сәтті емделуде.
Өкінішке қарай, тұрғындар рас-өтірігі анықталмаған ақпаратқа сеніп үйренген. Жақында ғана қытайлық БАҚ көздері Қазақстанда өлімге әкелетін пневмония тудыратын жаңа вирустың пайда болғаны туралы мәлімет таратты. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Бұл туралы брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлаған болатын.
Зағрипа Әбдиеваның айтуынша, қазіргі таңда аурудың жіктелуін өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Бұл пневмонияның мынадай түрлерімен: бактериялық, вирустық, саңырауқұлақтық және анықталмаған этиологиямен сырқаттанушылық саны бойынша нақты статистиканы жасауға мүмкіндік береді.
- Коронавирус пневмония тудырады, бұл ешкімге құпия емес, - дейді пульмонолог. - Әрине инфекцияның таралуына байланысты вирустық пневмония статистикасы да өсті. Өңірде төсек-орын, дәрі-дәрмек және ауруды емдеуге қажетті техника жеткілікті. Бізде пневмонияның ерте сатыларында жоғары деңгейде анықтау мүмкіндігі бар.
Бұл пациенттердің әңгімелерімен расталған. Мысалы Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовттің қан талдауынан пневмония ерте кезеңде анықталды, сондықтан ол емделуден сәтті өтіп, сауығып шықты. Медицина қызметкерлері халықты сырттан келген ақпараттқа сенбеуге, өз жағдайын бақылауға алып, симптомдар анықталған жағдайда тиісті ем-дом алуға шақырады. Компьютерлік томография аппараттары тәулік бойы жұмыс істейді, бұл пневмонияның кез келген түрін дер кезінде анықтауға және қажетті ем алуға мүмкіндік береді.