Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері көпбалалы отбасылардың 27 мүшесі кәсіп бастау мақсатында шағын несие алуға ниет білдірген. Бұл жөнінде облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев хабарлады.
- Төрт ай ішінде өңірдегі Жұмыспен қамту орталықтарына 576 отбасы кеңес алуға жүгінсе, олардың 36-сы - көпбалалы отбасылар. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгеге 443 адам, оның ішінде көпбалалы отбасылардың 27 мүшесі несие ресімдеуге ниет білдірген. Өз ісін бастап, кеңейтуге бағытталған шағын несие көлемінің ең жоғарғы шегі 6 миллион теңгені, яғни 2,5 мың айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қарыз ақша бес жылға дейін беріледі. Ал мал шаруашылығы бойынша зәкірлі кооперативтер мен ауылшаруашылығы кооперативтеріне жеті жылға дейін 16 миллион теңге несие беру көзделген, - деді Ерболат Ошақбаев.
2018 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларын іске асыру, яғни стартап бойынша гранттар берудің жаңа мемлекеттік қолдау механизмі пайда болды.
- Аз қамтылған көпбалалы отбасылардың мүшелеріне, жұмысқа жарамды аз қамтылған мүгедектер мен NEET жастар санатына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грант мөлшері 200 айлық есептік көрсеткішті, яғни 505 мың теңгені құрайды. Аталмыш мақсатқа осы жылдың сәуір айының соңына қарай республикалық бюджеттен қосымша 367,1 миллион теңге бөлінді. Тұрғындардың аталған санаты бойынша 727 адам грант алады деп жоспарлап отырмыз. Әзірге ережелерді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен жоқ. Жоба жасалып, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітілуге берілген, - деп қосты басқарма басшысы.