Облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Глубокое ауданындағы көпбалалы отбасылар баспаналы болды. 12 жанұяға жаңа баспана 60 пәтерлік тұрғын үйден берілді.
– Ұлық мереке қарсаңында сіздерге жаңа пәтердің кілттерін табыстап тұрғаныма қуаныштымын. Әрбір көпбалалы отбасы еліміздің баға жетпес байлығы. Сіздерге ең бастысы денсаулық, шаңырақтарыңызға береке-бірлік тілеймін. Жаңа үйлеріңіздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толы болсын!, - деді Даниал Ахметов.
Баспаналы болған көпбалалы аналардың бірі Айнұр Жомартова көптен күткен үйін көруге асықты. Қуанышы қойнына сыймаған әйел шексіз алғысын білдірді. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында үйлі болып жатырмыз. Үйіміз өте үлкен, іші жарық екен. Енді жиһаз бен тұрмыстық техниканы әкелу ғана қалды. Барлығымыз сиятын, кең, жайлы баспанаға қолым жеткеніне қуаныштымын! Көпбалалы аналар атынан балаларымызды жайлы жағдайда тәрбиелеуге мүмкіндік сыйлап отырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін», - деді ол. Айта кетейік, осы жылдың соңына дейін өңір бойынша 1038 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.