Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйінде корей халқының Чусок мерекесі атап өтілді.
ШҚО Достық үйінің ғимаратында корейлердің Чусок ұлттық мерекесіне арналған мерекелік концерт өтті.
«Кәрістер – көне әдет-ғұрыпты заманауи үрдістермен ұштастыра білген, ұлттық тілін, көне мәдениетін ұлықтай білетін халық. Бұған мысал ретінде Чусок мерекесін келтіруге болады. Дәл осы мерекеде олар бүкіл отбасымен жиналып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, ұлттық тағамдарды әзірлейді. Сондай-ақ зиратқа барып, қайтыс болған ата-бабаларын еске алатын дәстүрі бар», - делінген Достық үйі таратқан ақпаратта.
Чусок мерекесі күзгі егін жинау маусымымен сәйкес келеді. Мереке қарсаңында, әдетте келесі жылы астық мол жиналуы үшін үйлердің қабырғаларына дәнді дақылдар ілінеді.
«Мерекеден кейін кәрістер осынау «әшекейлерді» алып тастамайды, себебі бұл рухтарға деген сыйлық. Мерекеде жан-жақтан келген ағайын-туыс бір дастарханда бас қосады. Олар дәстүрлі ханбок киімдерін киіп, би билейді, музыкалық аспаптарда ойнайды және ән айтады. Чусок ұлттық мерекесінің құрметіне ұйымдастырылған шара үш тілде, қазақ, корей және орыс тілдерінде өтті. Концерттік бағдарлама жан-жақты болды. Түрлі этностардың әндері шырқалып, ұлттық билер паш етілді. ШҚО Достық үйі басшысының орынбасары Равиль Юнусов шараны өзінің құттықтау сөзімен ашты. Одан кейін алғыс хаттар мен мерейтойлық медальдарды тапсыру рәсімі өтті», - делінген мәліметте.
«Достық үйіне 30 жыл» мерейтойлық медальімен Шығыс Қазақстан облысы корейлер қауымдастығының мүшелері Михаил Ли мен Галина Хан марапатталды.
Айта кетейік, биыл ШҚО Достық үйі үшін айтулы жыл. Этномәдени бірлестіктер, соның ішінде Шығыс Қазақстан корейлері қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толып отыр.