Наурызнаманың алғашқы күні «Көрісу күні – Амал мерекесі» деп аталады. Ол 14 наурызда тойланады. Бұл күн – бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектер айтудың тағы бір себебі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген аға буын өкілдерін құттықтады. Олардың қатарында жазушы, аудармашы, ғалым, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Айтмұхамбет Қасымов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач бар. Айтмұхамбет Қасымов болашақ журналистер мол мағлұмат ала алатын оннан астам кітаптың авторы. Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, жоғары аттестациялық комиссия доценті, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың құрметті профессоры Иван Полторанинге басқарма төрағасы – С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген ерекше алғысын білдірді. Ғалым демографиялық процестерді зерттеумен айналысады. Иван Полтораниннің қауымдық-қоныс және халықаралық-саяси мәселелерге арналған 40-тан астам ғылыми мақалалары жарияланған.
Еріктілер «Ризашылық акциясын» өткізді. Олар қарттарға қонаққа барып, көктемнің басты мерекесімен құттықтап, зор денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Риддер тұрғындары барша қазақстандықты «Көрісу күнімен» құттықтады. Қоғам белсенділері, мәдениет қайраткерлері мен жастар бір-бірімен қол алысып, жылы құшақтасып, «Бір жасыңызбен!» деп амандасты.
Алтай ауданында мерекелік онкүндіктің шымылдығы би флешмобымен ашылды. Шекаралас елдерге танымал «Зыряночка» би ансамблінің мүшелері өңір тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, көктем мен жаңару мерекесімен құттықтады.
Кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері ресми стильді сақтай отырып, ұлттық ою-өрнектермен әсемделген камзол киіп жұмысқа келді. Челленджді ауданда тұратын түрлі этнос өкілдері де қуана қолдап, қазақ халқының мәдени мұрасына құрметпен қарайтындықтарын жеткізді. Айта кету керек, челлендж наурыз айының соңына дейін жалғасады.
Өңір тұрғындары мен қонақтары үшін қызықты әрі көңілді бағдарлама дайындалды. Олар концерттерге, көрмелер мен спорттық сайыстарға қатыса алады. Бұл күндері Наурыз мерекесіне арналған 300-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда.