ШҚО-да коронавирусқа қарсы күресте жедел топ құрылмақ

441
көрілім
Шартты фотосурет

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасына сәйкес коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы қатарда жүрген жандардың жұмысын қауіпсіздендіріп, жақсарту үшін барлық шаралар қолға алынуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы ретте бүгіннен бастап жедел топ құру жөнінен шаралар қолға алынды. Жақын күндері барлық қалаларда тек дәрігерлер ғана емес, студент болып жүрген ақ халаттылар бригадасы да жұмысқа кіріспек.
– Бүгінде көп адамдардың шақырту бойынша науқастарға көмекке ұмтылған жедел жәрдем көлігі жеткенше біршама уақыт өтіп кетеді деген ойларымен келісемін. Десе де олардың қазір қандай қарбалас жағдайда жұмыс істеп жатқандарын ұмытпайық. Сондықтан сол жүктемені азайту үшін тиісті шешімдер қабылданды. Осыған орай жедел топтардың көмегі аса қажет, – деді Даниал Ахметов.
 Аймақ басшысы «Алтын уақыт ережесі» деген көпке мәлім медициналық терминнің дәл қазіргі қарбаласқа орайлас келіп тұрғанын тілге тиек етті. Себебі бүгінг індет жайлаған кезде дәрігерлердің алғашында көрсеткен көмегінің маңызы зор.
Өңірдегі ұзын-саны 269 жедел топтың 178-і аудандарда, қалғаны Өскемен мен Семейде жұмыс істейтін болады. Күн сайын блок-бекеттерде сағаттап тұрып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлеріне де тиісті қолдау көрсетілмек.
 Жуық арада ШҚО Полиция Департаментінің құқық қорғау қызметкерлері коронавирусқа қатысты ПЦР тестін тапсырады. Бұл жерде барлық талдаулардың бюджет есебінен жасалатынын айта кетейік.
– Полиция қызметкерлерінің өмірін қатерге тіге алмаймыз. Оларды да жанұялары күтуде. Қалалар мен елді мекендердегі тыныштықты қадағалап отыратын да солар, – деді облыс әкімі.