Өңірімізде күн сайын коронавирус атты кеселмен күресте жеңіске жетіп, жазылып шыққандар бар. Олар өмір тарихының осы бір парақтарын мәңгі бақи жадында сақтайды. «Бұл дерт тірі жәндік сияқты, ағзаңа кіріп сені іштен жейді. Оны жеңу үшін ерік-жігерің мықты болуы керек», «Жазылып шыққан соң бұл дүниеге басқа қырынан қарай бастадым» дейді коронавирусқа шалдықса да берілмеген жандар. Осы мақаламызда сол бір адамдардың өзгеге ой салар әңгімесін ұсынбақпыз.
«Салыңды суға кетірме!»
Өскемен қаласының тұрғыны Әсем Қайратбек індетті еңсеріп шыққандардың бірі. 3 апта бойы ол вируспен дамылсыз күресті.
– Дертті қалай жұқтырғанымды білмей де қалдым. Аты жаман аурудың қарқыны қатты екен. Кеудем қысылып, дем жетпей, дене қызуым 39 градустан түспей қойды. Үйге жедел жәрдем шақырттым. ПЦР-сынама нәтижесі оң болып шықты. Осылайша, коронавируспен күрес басталды, – дейді ол.
Көп ұзамай телефонына egov-тан СМС-хабарлама келіпті. Онда «сізге COVID-19 инфекциясына тиісті дәрі-дәрмек босатылды» деп жазылған.
– Сол кезде «енді мына дәрілерді қайдан және қалай аламын?» деген сауал туындады. Сөйтсем, ол препараттарды учаскелік мейірбике үйге өзі әкеліп тастайды екен. Қал-жағдайымды күнделікті телефон арқылы хабарласып, біліп отырды. Екі күнде бір үйіме келіп тексеріп кетті, – дейді Әсем.
Алайда 9 күн бойы дене қызуы түспей қойды. Осылайша, компьютерлік томография (КТ) жасату керек болған.
– Әлеуметтік желілерде дәрігерлердің жұмысына көңілі толмайтындығы жайлы жазып жатқандар бар ғой. Бірақ өз басым ақ халаттылардың жүйелі жұмысына куә болдым. КТ-ға да ақша төлемедім. Себебі МӘМС жүйесінде сақтандырылғанмын. Қаладағы клиникалардың біріне барып, томографияға түстім де бірден сол жерде нәтижесін алдым, – деп еске алды ол.
Әйтеуір дегенде вирустың беті қайта бастаған. Тамаққа зауқы соқпай тәбеті қашса да, сорпа іше беріпті. Өйткені коронавируспен күресу үшін күш керек.
– Осынау дертке шалдыққан адам қандай қиындық болса да, өне-бойын қорқыныш пен үрей билесе де ешқашан берілмей, қара бұлттың артынан күн шығатыны секілді ертең жазылып кететініне сенуі қажет. Бұл вирус тірі жәндік сияқты, ағзаңа кіріп сені іштен жейді. Сенім мен ерік-жігер арқылы ғана індетті еңсеруге болады. Ал егер салыңды суға кетіріп, үмітіңді үзе бастасаң ол сені жеңіп кетеді, – дейді Әсем Қайратбек.
Осылайша, сол сенімді серік еткен әйел коронавирустан сауығып шыққан. Қазіргі уақытта күйбең тірліктің қам-қарекетіне қайта оралса да сол бір ұстараның ұшында қалған күндері көз алдынан кетпейді.
«Балам үшін уайым кештім...»
Ботакөз Кенжеханова коронавируспен бетпе бет келгенде жүктіліктің 8-ші айында еді. Дерттің симптомдары пайда болғанда бірден үйге жедел жәрдем шақыртқан. Ақ халаттылар тексерген соң оны ауруханаға алып кетті.
– Келесі күні менде СOVID-19 инфекциясы бар екендігі анықталды. Дәрігерлер палатаға жатқызып, ем-дом тағайындады. Дем жетпей, сөйлеуге қиналдым. Кеудем қысып, жата алмадым. Өне-бойым әлсіреп, тамаққа мүлде тәбетім болмады. Медицина қызметкерлері күнделікті екі уақыт система қойып, укол салып отырды. Оттегі концентраторына да жатқызды. Күн сайын дене қызуымды тексеріп, қан қысымымды өлшеді. Қимыл-қозғалыссыз жата беруге болмайды екен. Сол үшін жаттығу жасап тұрдық. Құрсағымдағы нәрестенің жүрек соғысын үнемі бақылауды ұстады, – дейді ол.
24 жастағы Ботакөз баласы үшін уайым кешкенін айтты. Сол үшін қайткен күнде де індетке берілмеуге бел шешкен.
– Дене қызуым түспей қойғандықтан ақ халаттылар кесар тілігі арқылы босандыру қажеттігін айтты. Құдайға шүкір, бәрі сәтті өтіп, қызым жарық дүние есігін ашты. Алайда өзім коронавирустан жазылып шыққанға дейін сәбиімді бауырыма баса алмадым. Арада бір апта өткенде құлан-таза сауығып, баламмен, отбасыммен қауыштым, – деді ол сол бір қиын сәттер жайлы.
Қазіргі уақытта Ботакөз Кенжеханованың өмірге деген көзқарасы мүлде өзгерген. Денсаулықтың қадірін шын түсініп, әркез сақ жүреді.
***
Күллі әлем халқын әбігерге салған коронавирусты жеңгендердің бірі, міне, осылар. Олардың басына түскен ауыртпалық өзгеге ой салып, сақтық шараларын қаперде ұстау қажеттігін ескертеді деген ойдамыз.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ