Шығыс Қазақстан облысында коронавирустың алдын алу үшін жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
- ҚХР-мен біздің облыстың шығыс бөлігі шектеседі. 2 ақпанға дейін «Бақты» және «Майқапшағай» кеден бекеттері арқылы шекарадан өту тоқтатылды. Қазіргі таңда екі бағытта да азаматтар мен тауарлардың қозғалысын толық тоқтату мәселесі шешілуде. Бақты және Майқапшағайда 6 тепловизор бар. Семей және Өскемен әуежайларында жолаушыларды мониторингтен өткізу үшін үш тепловизор жұмыс істейді. Алдағы күндері «Ақтоғай» теміржол станциясын тепловизорлармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Оның айтуынша, өңірдің барлық медициналық ұйымдары жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде. Вирусқа қарсы препараттардың қажетті қоры, сондай-ақ 12 400 қорғаныш костюмдері, 670 000 респиратор және 7 млн. бірреттік маскалар бар.
- Күдікке ілінген, вирус жұқтырған адамдарды тасымалдайтын 2 жеке көлік капсуласы дайын. Тағы 4 капсулаға және Л-1 типті 18 қорғаныш костюміне өтінім берілді. Қытай шекарасынан ары-бері өткен азаматтардың денсаулық жағдайы мұқият бақылауға алынған. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының аумағында коронавируспен ауру фактілері тіркелген жоқ. Жағдай менің жіті бақылауымда, - дейді аймақ басшысы.