Жер дауы деп жар салған жаңсақ сөз болар. Әдетте көршілер арасындағы кикілжің болмашы нәрседен басталады. Газет редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыздың жолыққан жағдайлары ұқсас, тек басқа ауданның тұрғындары. Күз келіп, қыркүйек айы босағаны аттай берген тұста да аймақ көлемінде қыраулы қысқа қамданып, жем-шөбін жинап жатқандар аз емес-тін. Мәселенің анық-қанығы мақалада көрсетілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үйінің іргесіне үйілген
Ауылдағы жер үйлердің аралығы түрліше. Кейде қабырғасы қосылып, белгілі бір мөлшердегі қалыңдықтан қос тарап шаңырағында қандай әңгіменің бөгеуі ағытылып жатқанына дейін естиді. Әрине үнемі емес. Дегенмен көршілер жайлы сөз болғанда өзара дау-дамайлары мен түйіні тарқамай жүрген түйіткілдердің болатыны да рас. Жоғарыда жазылғандай көпшілігі қыс алдында малға азық дайындап, мүмкіндіктеріне қарай шөпті молынан сатып алуда. Ендігі жұмыс трактор ма, КамАз ба, әйтеуір ауыр техникамен әкелінген дүниені ұқыптап етіп үйіп алу қажет. Дегенмен жер учаскелерін пайдалану кезінде де ескерер тәртіптің бар екендігінен көпшілігінің бейхабар екендігі рас.
– Көршімнің жиған шөбі үйімнің дәл іргесінде. Қашаға салмақ түсіріп, мені аулама қарай еңсеріліп тұр. Дәл бұлай тақатып қойғаны дұрыс емес болар деп алдынан өтіп едім, сөзімді құлағына ілер емес. Көрші отырып «ырылдасу» кімге керек? Жалпы, шөп үйетін орын мен көршілес үйдің арақашықтығы қандай болуы керек, – дейді күршімдік Алмагүл Тоқтарова (аты-жөні өзгертілген).
Мәселе төркіні түсінікті бола түскендей. Осыған жұртшылық мән беріп, бас қатырмай келгендерімен ойланарлық жайт. Себебі ауылдық жерлерде осы тақылеттес мәселелер жиі кездеседі. Осы ретте облыстық жер қатынастары басқармасына бірнеше сауалды қамтып сұраухат жіберген едік, бағытын Күршім ауданының әкімдігіне бұрған екен. Неге дейсіздер ғой? Соңғы хабарласқан қос тұрғын осы өңірдің тұрғындары еді. Берілген жауап барысында ресмилендірілген сөйлемдер аз кездеспеді. Дегенмен ұсынып кеткен жөн.
– ҚР Құрылыс нормаларына сәйкес жекеменшік тұрғын үй-жайлардың (бөлмелер, асүй, кіреберіс) терезелерінен санитарлық-тұрмыстық жағдайлар бойынша көрші жер учаскелерінде орналасқан үйдің және қосалқы құрылыстардың (сарай, гараж, монша) қабырғаларына дейінгі арақашықтық кемінде алты метр болуы керек, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов.
Арақашықтықты сақтаңыз...
Алғашқы сауалдың жауабы осындай. Тақырып аясында маңызды тұстың бірі әлбетте, қос көршінің арасында шөп үйгенде арақашықтықтың сақталуы, дәлірек неше метр болуы тиіс? Жалпы екі үйдің арасында қандай да арақашықтықтың сақталуы қарастырылған ба?
– Көрші үйдің шаруашылық құрылыстары екі учаскелерінің шекарасынан кемінде бір метр арақашықта орналасуы тиіс. Өртке қарсы нормаларға сәйкес шөп сақтау тұрғын үйлердің және шаруашылық құрылыстарға дейін кемінде 15 метр арақашықта жүзеге асырылады.
Одан бөлек, жекеменшік тұрғын үйге байланысты тағы бір ескерерлік жайт, берілген жер телімінен тыс үйдің қожайыны белгілі бір аумаққа дейін жерін кеңейте алады. Аудан әкімінің орынбасары да сұраухат жауабында осыны меңзеді.
– Әрбір үйдің жер учаскесіне жекеменшік құқығын беретін мемлекеттік актіге сәйкес жер бөлінеді, – делінген құжатта.
Маңыздысы, жекеменшік құқығын беретін мемлекеттік актіде белгіленген жер учаскесі шекарасынан шығуға болмайды. Демек көршілер арасында шешілмей жүрген сауалдар жауапты тұлғалар ұсынған ресми хаттан соң шешімін тауып қалар. Бастысы, жауаптағы шаруашылық құрылыстары деп көрсетілген тұс үйілген шөп ретінде қабылданса, көршілес үйдің қабырғасына тақатып үюдің еш жөні жоқ. Дей тұрғанмен, заң тұрғысынан алмас бұрын өзара кикілжің болмас үшін алдымен көршіңмен ақылдасып, бір шешімге келуге тырысқан әлдеқайда тиімді болар еді екі жаққа да.
Әділхан ЕСІМХАНОВ