Батыс-Алтай қорығының инспекторы қабанмен айқасамын деп ажал аузынан қалды. Жабайы аң Филипп Коробейников серігімен қорық аумағын тексеріп жүргенде шабуылдаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Инспекторлар ақпан айының 21-і күні Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи-қорығын шаңғымен аралап жүрген. Батыс-Алтай жотасына көтеріле бере жуықта ғана түскен қабан іздерін көреді. Кейін Филипп Коробейников БАҚ өкілдеріне жабайы аңды жуырда ұлы сыйға тартқан фотоаппаратпен суретке түсіріп, қызықтамақ болғанын айтқан. Серігі Жігер Кеңесханов жотаның жоғары жағында қалса, Филипп Коробейников тоғай жаққа, яғни жабайы аң жасырынған тұсқа қарай түсті. Қабан адам келе жатқанын қатер төндіге санап, тұра ұмтылды. 61 жастағы инспекторды қарға жыққан жабайы аң азу тісімен бірнеше жерден соққы берген. Қорғанамын деп арпалысқа түскен инспектор қабанның азуынан ұстап, соққыларды бұғаттауға тырысқан. Мазасызданған аң кейін шегініп, тоғайға барып тығылыпты.
Жігер Кеңесханов еміс-еміс шыққан дауысты естіген күйі серігіне көмекке ұмтылуға асығып, тұра ұмтылды. Дегенмен Филипп Коробейниковтың алған жарақаты біршама ауыр. Қабырғасы сынған, қабан мойын мен бас терісін орып жіберген, қолы да ауырсыныпты. Болған жайтты таныстарына хабарлаған соң Жігер Кеңесханов жаралы әріптесін жотадан төмен түсірмек болды. Оны шаңғыға жатқызып, төмен қарай сырғанауға мүмкін болмады. Әйтеуір арада бірер уақыт өткен соң көрші кордонның испекторы Роман Скачков келіп жетті. Қар кешкішпен келген ол жаралы жанды тіркеме шанаға жатқызып, дереу жедел жәрдем қызметкерлері күтіп тұрған жерге әкелген. Жабайы аңмен арпалысқа түскен инпсекторға үш сағаттан кейін ота жасалып, жан сақтау бөліміне жатқызған. Филипп Коробейников көп мөлшерде қан жоғалтқан, тіпті өмірі қыл үстінде тұрды. Қуанышқа орай, әріптестері тиісті көмектерін көрсетіп, керек кезде жанынан табыла білген.