ШҚО-да қос азаматтықтың 30 фактісі анықталды

256
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден
Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейді. Десе де облыстың кей тұрғындарынан көрші елдердің паспорттары анықталған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Жыл басынан бері Көші-қон қызметіндегілер облыс аумағында тұратын қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, жарты жыл ішінде тәртіп сақшылары "қос азаматтығы" бар 30 шетелдікті анықтап, олардың 8-і Қазақстаннан тысқары шығарылды.
Облыс полицейлері атап өткендей, көп жағдайда шетел азаматтары ҚР азаматтығын заңды білмегендіктен сақтап жүреді.
- Мысалы, Шемонаиха ауданының 19 жастағы тұрғыны осы жылдың ақпан айында Ресей азаматтығын алған. Алайда, жас жігіт бұл туралы заңнамада белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін білмеген. Құқық бұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кейінірек бұл іс аудандық сотта қаралып, қаулыға сәйкес шетел азаматын Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданды, - делінген ақпаратта. 
ШҚО Полиция департаменті өкілдері басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 тәуліктің ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекет аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне Қазақстан азаматтығынан шыққаны туралы мәлімдеуі керек. Сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет екенін ескертеді.