Аймақта балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары онлайн жұмыс істеуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуге көшкен ұйымдардың бірі – Өскемендегі оқушылар шығармалық сарайы. Бүгінде сол мекеменің қызметкерлері балаларға бес бағыт бойынша оқытуда.
– Біздің ұжым оқушылармен вокалдық, хореографиялық, сәндік-қолданбалы өнер, әлеуметтік-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық бағыттар бойынша жұмыс істеуде. Жоспарланған шаралар онлайн режимде өтіп жатыр, – дейді оқушылар шығармашылық сарайының директоры Галина Асташкина.
Оның айтуынша, балалар Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай викториналық сауалдарды шешіп, ой-өрістерін кеңейтуде. Сондай-ақ мамандар оқушылар мен ата-аналарға онлайн режимде психологиялық кеңес беруде.