ШҚО-да күн ысығаннан бері ұрлық көбейген

389
көрілім

Соңғы аптада тәртіп сақшыларына ұрлық жасалғандығы жайлы қоңыраулар жиілеген. Күннің ыстығына байланысты үйдің есік-терезелерін ашық тастаған адамдар ұрылардың ақшалары мен заттарын тонап кеткендігін айтуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Семей қаласында бірнеше рет сотталған 29 жастағы еркек үйдің жатын бөлмесінің терезесі ашық тұрғанын көріп, қолын сұғып сөмкені үптеп кеткен. Сөмке ішінде түрлі купюрадағы 15 000 теңге мен жеке құжаттарды, банк карталарын тонады.
Тағы бір оқиға 25 шілде күні орын алды. Желдету үшін есігі ашық тасталған үйден көліктің кілті мен монша орамалы ұрланған.
27 шілде күні Өскемен Үлбі Полиция бөліміне 58 жастағы қала тұрғыны хабарласып ашық қалған есік арқылы саяжай үйіне кірген ұры темір плита, пеш есіктері, шаңғы, үш күйдіру шамы мен шәйнек, үш темір бұрыштамаларды алып кеткенін айтқан. Ұрланған заттардың жалпы құны 70 500 теңгені құрады.
Бұдан басқа сол күні жеке кәсіпкер қоңырау шалып есігі ашық қалған дәмханасынан 17 келі еттің ұрланғанын айтты. Жалпы шығыны 34 мың теңгені құрады.
– Осы жағдайларға байланысты тұрғындар жеке қауіпсіздігі үшін есік-терезелерін кілтпен жауып жүргендері дұрыс. Әр адамның заттарының ұрланбауы алдыңғы кезекте өзіне байланысты, – деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Данияр ЗАЙНЕЛОВ