ШҚО-да күнбағыс егетін шаруагерлер электронды портал арқылы субсидияға өтінім бере алады

602
көрілім
Фотосурет автордікі

Күнделікті болатын өзгерістер кім-кімді болсын ойынан адастырып, әбден шатастырып жатады. Субсидия төңірегінде сауалдар сарқылып, егін егіп, мал өсіремін деушілер кәсібін тегіс дөңгелетіп отыр деп айту да қиын. Ең алдымен осы тақырып төңірегінде тиісті түсіндірме жұмыстары аудан, ауылдық округ деңгейінде жүргізіліп, тіпті түсініксіз болған сәтте іске облыстық басқарма мамандары араласулары тиіс. Жергілікті жердегі өкілдердің салғырттығынан көптеген шаруагерлер өткен жылы тиісті субсидиясын ала алмай, бармақ тістеп қалған.

Тең жартысы тегін болмақ

Бұл жолы сөз етілген мәселе төңірегінде ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығының пікірін ұсынуды жөн көрдік. Естеріңізде болса, осыған дейін күнбағыс тұқымын сатып алғаны үшін мемлекет тарапынан төленуі тиіс субсидия туралы анықтамалық ақпарат жарияланған болатын. Бұл жолы қамтылған сауалдарға толығырақ жауап берудің сәті түскендей.

– Өсімдік шаруашылығы бойынша ең бірінші тұқым өсіру мысал етіледі. Ол гибридті тұқым болуы мүмкін. Соның бір тоннасын сатып алу 1000000 теңге (мысал үшін) жұмсадыңыз деп алайық. Тиісті өтінім жіберілген соң сіз 500 мың теңге көлемінде субсидия ала аласыз. Яғни тұқымның тең жартысын тегін алған боласыз. Тыңайтқыш сатып алсаңыз да субсидия алуға мүмкіндік бар. Дегенмен ол өзіндік шектеулерге ие, – деді басқарма басшысы Владимир Гайламазян.

Яғни бір тонна тыңайтқыш шашып алып, «Енді субсидия беріңізші» деу орынсыз. Ол үшін берілмейді, талапқа сәйкес 150 келі деп жазылса, соған қарай субсидия төленбек. Сайып келгенде, шемішке тұқымынан бөлек, тыңайтқыш сатып алғаны үшін де шаруагерлер қолдаусыз қалмайды, әрі бұл дәнді дақыл, картоп болсын, барлығына қатысты. Жалпы егістік маусымында шаруа қожалықтары мен шаруагерлер үшін шығынның алты түрі кездеседі. Соның ішінде жанар-жағар май сатып алу, жалақы төлеу, техниканы пайдалану кезінде субсидия қарастырылмаса, тұқым, тыңайтқыштар үшін мемлекет тарапынан 50% қаржылай қолдауға иек артуға болады.

Порталды пайдалана білсе

Қазіргі уақытта субсидиялау қашықтан, электронды портал арқылы жүзеге асырылады.

– Qoldau.kz деген ақпараттық жүйе бар. Әрбір ауылшаруашылық тауар өндіруші өзіне жеке кабинет ашып, тіркелгені 11 АЕК (32087 теңге) көлемінде ақша төлейді. Тұқым сатып алған шаруагер субсидияға (тыңайтқыш, гербицид, тыңайтқыш) ие болу үшін электронды өтінім береді. Өтінім Qoldau.kz-ке түскен сәтте бекітілген құжат автоматты түрде тексеріледі, – деді Владимир Хачехпарович.

Жер теліміне қатысты талаптардың барын ескерген жөн. Бұл туралы ақпараттық жүйеде егжей-тегжейлі жазылған. Өтінім барысында шаруагердің жер телімі де талапқа сай, сай еместігі тексеріліп ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасына жіберіледі. Ендігі қалғаны өтінімді қабылдап, тиісті субсидияны төлеу. Мұны басқарма басшылығы жүзеге асырады. Автоматты түрде тексерістен өткен мәлімет қайта қарауды қажет етпейді. Қаралатын жайт: банк шотының болуы. Тағы бір айта кетерлігі, бір кездері электронды порталға жеке кабинетті тіркеу үшін төленетін ақша, яғни 11 АЕК-ті төмендету төңірегінде түрлі пікірлер айтылған. Көпшілігі мұны шаруагерлер үшін қымбат деп санаған. Өкініштісі сол, сол пікір сол жерден әрі аспады. Жер телімі ірі шаруа қожалықтары үшін бұл аса қымбат болмас, алайда азынаулақ жері барларға арзанға түспесі анық.

Әділхан ЕСІМХАНОВ