ШҚО-да құрылыс компаниясына үлескер ретінде ақша беріп үй ала алмаған 13 адам сотқа арызданды

777
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында құрылыс компаниясына үлескер ретінде ақша беріп үй ала алмаған 13 адам сотқа арызданды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Дейнека» компаниясына брондау шарттары бойынша Өскеменнің 50 тұрғыны 737 млн теңге төлеген. Алайда бүгінге дейін оларға үй берілмеді. Белгілі болғандай, аталған құрылыс компаниясы азаматтарды үлескерлікке заңсыз тартқан.

«Қазіргі уақытта қаражат тек жеті адамға қайтарылды. 13 адам сотқа талап арыз берді. 17-сі компанияның ақшаны өз еркімен қайтаруын күтуде. Тағы 13 адам құрылысты аяқтауды талап етіп отыр. Дегенмен компанияның шотында мүлде ақша жоқ. Яғни объектілерді аяқтауға да еш мүмкіндікі жоқ», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Компания тоғыз қабатты үйлер салмақшы болған. Қазір фирма өкілдері бір үйді тоғыз емес, алты қабатпен аяқтауға мүмкіндік беруді сұрауда.

«Бұл келісімшартты және жобалау-сметалық құжаттаманы тікелей бұзу. Аудиттен кейін жұмыстарды орындамау фактілері анықталды. Бір ұстаным бойынша шартты бұзу және залалдарды өтеу туралы талап арыз берілді. Себебі бұл компанияның мемлекетті және оның серіктестерін қайтадан алдамайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан біз «Дейнека» фирмасы барлық қатысушылармен брондау шарттарын бұзып, адамдарға ақшаны толығымен қайтарып беруін талап етеміз», - дейді аймақ басшысы.