Шығыс Қазақстан облысында құрылысы аяқталмай тұрған әскери қызметкерлерге арналған көпқабатты үй сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай аудандық №2 сотында аудан әкімінің жылжымайтын мүлікті коммуналдық меншік деп тану туралы арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Нысан Серебрянск қаласында орналасқан. Бұл – құрылысы аяқталмай тұрған әскерилерге арналған көпқабатты үй. Қаржы тапшылығына байланысты үй құрылысы 1999 жылы тоқтатылды.
«Тиісті түрде консервацияланбағандықтан және ұзақ уақыт құрылысы тоқтап тұрғандықтан, ғимаратта ақаулар пайда болды. Нәтижесінде ол қауіпті деп танылды. Нысанға меншік құқығы ешкімге тіркелмеген», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
2021 жылдан бастап ол иесіз мүлік ретінде есепке алынды. Енді ғимаратқа демонтаж жасалуы тиіс.
Сот Алтай ауданы әкімінің арызын қанағаттандырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.