Кеше Ұлан ауданының аумағындағы тас жолда екі жеңіл автокөлік соқтығысқан. Қатты соққыдан салоны майысып кеткен көліктердің бірінің ішінен бір адам шыға алмай қалған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жол апаты Өскемен — Самар тас жолы аралығында (облыс орталығынан 20 шақырым жерде) орын алған. Оқиға орнына апат және медицина орталығының қызметкерлері мен құтқарушылар жеткен. Жедел түрде құтқарушылар аса ептілікпен көліктің ішінен шыға алмай қалған адамды алып шығып, зардап шеккендерге дәрігерлер бірден көмек көрсетті.
– Қатты соқтығыстан салоны майысып кеткен көліктің ішінен бір адам шыға алмай қалған. Дер кезінде медициналық көмек көрсетпегенде әлгі адамның өміріне қауіп төнер еді. Құтқарушылар гидравликалық құрылғымен адамды сыртқа алып шықты. Жол апатынан 8 адам зардап шеккен. Олардың үшеуі балалар, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз орталығы.
ШҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жол-көлік оқиғасына қатысты соталды тергеу жұмыстары басталған.