Ұзақ мерзімді күн райына көңіл аударсақ, қыркүйек айы аймақ бойынша жаймашуақ болайын деп тұр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Синоптиктердің болжауынша, алдағы аптада күннің ыстығы қайтады. Десе де қыркүйектің 1-і күні аспанды ала бұлт торлап, ауа температурасы 24 градусқа дейін ысиды.
Сонымен қатар айдың басында облыс бойынша болар-болмас жауын себелеп өтеді. Ал қыркүйектің 10-нан бастап аспан шайдай ашылып, ауа температурасы айтарлықтай жоғарылайды. Алғашқы жарты айда сынап бағанасы күндіз 20-22 градус жылылықты көрсетсе, түнде бұл көрсеткіш шамамен 10 градусқа дейін төмендейді.
Қыркүйектің екінші жартысында күндіз ауа температурасы 13-15 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Түнде жерге шық түсіп, едәуір суытады. Нақтырақ айтсақ, сынап бағанасы 3-5 градус аралығында болмақ.
Бір ай ішінде күннің жарықтығы 1 сағат 49 минутқа қысқарады.