Олар қызмет барысында тәуекелге барып, қауіпті қылмыскерлерге қарсы тұру кезінде де тартыншақтап қалмайды. Керек десеңіздер, өзгелер аша алмаған қылмысты осы құйрықты «сақшылар» біржақты етіп, әжептәуір қолғабыс етеді. Жалпы адамның төртаяқты досы полиция қызметіне қалай алынады? Қызметтік иттердің тәртіп сақшыларымен қатар жүріп ақтаратын негізгі міндеті қандай? Оларды тапсырма орындауға қалай әзірлейді – осы және өзге де сауалдарға жауап табу үшін сайт тілшісі білікті мамандардан сұрастырып, біліп көрген еді.
Агаттың алғырлығы
Газеттің өткен нөмірлерінің бірінде Агат атты қызметтік иттің құтқару жұмысына қалай араласқаны жаңалық сипаттағы материал жарияланған болатын. Ал қалалық басылым беттерінде ажалдан аман қалған қыз жайлы мақала жарық көрді. Жалпы оқиға сипаты былай…
Тәртіп сақшысы өзінің қызметтік көлігімен «жасыл көше» ұйымдастырып, балақайды Ана мен бала орталығына дер кезінде жеткізудің сәті түсті. Барлығын айна-қатесіз орындап, кезекті жұмыс күні тықыр таянған әйелмен жолығып, діттеген жеріне уақтылы жетуіне жәрдемдескен ШҚО кинологиялық қызмет Орталығының (әрі қарай Орталық) кинологы еді. Полиция аға сержанты Қуаныш Бекпаев мана айтқан Агат есімді итімен бір жұмысты тындырып, Меновное ауылына қылмыс орнына келіп жеткен болатын. Науқас қыз жатқызылған көлікті межелі жеріне жеткізуге қолұшын берген соң ұрлық болған саяжай кооперативіне келді. Сол жерде Агат ұрылар жүрген ізбен ұрланған заттарды да тапты. Қызметтік итке аптап ыстық та, кешігіп жету де еш кедергісін келтірмеді.
Сонда байқампаз адам да аңғармай, қымбат құрал-жабдықтардың өзінің істен шыққанын ескерсек, талай нәрсені тауып беретін құйрықты «із кесушілердің» қырағылығы мен иісшілдігінің сыры неде?
– Иттердің қалайша лезде иіс алатындықтары әлі толықтай зерттелмеді, – дейді аға инспектор-кинолог Алексей Гордеев. – Кей жағдайларда саусақ іздерін анықтау мүмкін емес сәттер болады. Айталық, күдікті бір тал сіріңке жақты да жерге тастай салды. Одан сіз ДНК сараптамасын да, саусақ іздерін де ала алмайсыз. Десе де иіс ізі қалып қойды. Денеден бөлінетін май мен тер жаңбыр жауып, жел соғып кетсе де біршама уақыт сақталады. Жаңағы іздің кімдікі екенін анықтау үшін бір ғана әдісті қолдану тиімді – иттердің сезгіштігін іске қосу. Біздің Орталықта із алу, адам іздеу, жарылғыш заттар мен есірткі табу, сондай-ақ жедел іс-шараларға арналған иттер бар.
Іздестіруде іркіліп қалмайды
Орташа есеппен алғанда өскемендік кинологтар тәулігіне 3-10 рет аралығында тапсырмаларға шығады. Құйрықты «із кесушілер» көбінде ұрлық-тонау қылмыстарына қолданылады. Одан бөлек, қас қарайғанда бағытынан адасып, орманда жоғалған жандарды іздеу де жиі тіркеледі.
– Қазір балалар мен ересектер жиі жоғалуда, – дейді полицей. – Бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге қатысты жайт болса, онда бірден жан-жақты күштер жұмылдырылады. Ит жетектеген кинолог міндетті түрде шақыртылады, бұл жерде уақыт пен ауа райының қолайсыздығы есепке алынбайды. Бірде мені «12 жастағы балам үйден кетіп қалды» деп шақыртты. Сөйтсе ол бала науқастанып қалыпты, түні бойы дене қызуы көтеріліп, мазасы қашқан соң ата-анасын оятпай далаға шығып кеткен. Анасы мен әкесі есікті тарс жабылғанын естіп, артынан жүгіріп шығып, жете алмаған соң бірден полицияға хабарлады. Кейін белгілі болды, балақайдың ыстығы 38 градусқа дейін жетіпті, бір жерде әлсіреп жатып қалса ажал құшуы да мүмкін еді. Баланың тұратын мекенжайынан итім көпқабатты үйлердің біріне алып келді. Сөйтсек, ол жақта баланың әжесі тұрады екен, өзін нашар сезінген соң сол жаққа кетіп қалыпты.
Қазір өңірдегі кинологиялық қызмет Орталығында 25 төртаяқты «із кесуші» бар. Штаттық режимге сәйкес оларға 17 маман жауапты болуы тиіс, қазір екі адамға вакансия бар. Ақпарат берген маманның айтуынша, кинолог болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл өзінше жеке шығармашылық жұмыс. Иттерге деген ерекше ықылас таныту аз, оларды түсіне білу қажет.
– Байқампаздық пен қиял жүйріктігі де қажет, – дейді Алексей Гордеев. Иттермен бірнеше тілде сөйлесеміз. Өзімнің не айтқым келіп тұрғанын мейілінше жылдам әрі жеңіл ұғатындай жеткізуім керек. Одан бөлек, оның неліктен түсініксіз қылық танытатынын мен де сезіп тұруым қажет.
Бұл жолы Буч белсенді
Білікті кинологтың сөзінше, иттердің адамдардың пікірімен келіспей қойған сәттері де болған. Қызығы сол, солардың ишараты кейін оң нәтиже беріп, істің ілгерілеуіне негіз болған.
– Кинология қызметінде жүргеніме 20 жылға жуықтады, – дейді маман. – Өскеменге келмей тұрып Алтай ауданында 14 жыл жұмыс істедім. Бір күні Зубовск ауылындағы темір қабылдайтын орыннан қоңырау түсті. Сол жерге қарақшылық жасалып, күзетшіні басынан атып кетіпті. Әйтеуір аман екен, тіл қатуға қауқарлы. Айтуынша, азиялық ұлт өкіліне ұқсас бетперде киген белгісіз екі адамды көрген. Бірі күзетшінің кедергі келтірмеуін қадағаласа, ірі денелі екіншісі сейфті бұзған. Сол қадағалап тұрған біріншісі біреу-міреудің назарын аударып алмадым ба деп әрлі-берлі көп жүрген көрінеді. Күзетші жанында тек ірілеу бұзақының жүргенін көріп ту сыртынан шабуылдағанымен, сыртқа шыққан екіншісі келіп басынан атыпты. Бағына қарай, оқ басын жанап өтіпті. Сол кезде жанымда Буч деген ит болды. Із тапсын деп қоя бердім. Оқ өтпейтін кеудеше мен каска киген арнайы топ жылдам басып артымыздан жүріп отырды. Сөйтіп Буч бізді ауылдағы жер үйлердің біріне әкелді. Арнайы топ сол жерде қалып, итіміз екеуіміз ары кеттік. Бір үйге таяй бердік. Ешкім жоқ көрінді, қайтадан бірінші үйге келіп едік, арнайы топ кетіп қалған екен. Сосын маған «Андағы ол үй емес, онда орыс ұлтының өкілдері тұрады, кешкі сағат 19:00-ден бастап ауласынан ұзап шықпаған» деп хабарлады. Содан учаскелік полиция дереу жетіп, бұл жақта күзетші сипаттағандай азиялық ұлт өкілдерінің тұрмайтындықтарын жеткізді. Ал итте жазық не? Ол алған ізі бойынша бізді сол жерге алып барды. Бағдар бойынша сол болуы ықтимал деген тағы бір тұрғынды ұстадық. Сұрақ-жауап барысында өз айтқанынан өзі жаңылып, біршама сасқалақтап қалды. Кейін суыртпақтап сөз тартып едік, кінәлі сол болып шықты. Анықталғандай, ол жігіт күзетшінің туысқаны екен. Ағасы танымай қалсын деген оймен бетперде киіп, дауысын да біраз өзгертіпті. Қыс мезгілінде қалың киінгендіктен сырт көзге ірі болып көрінгендіктері де содан. «Қорыққанға қос көрінеді» деген рас екен. Зәресі қашқан адам барлығынан секемденеді, ал Буч болса бізді тура қылмыскермен жолықтырды.
О дүниеден оралған турист
Сұхбат берушіміз иттің тәртіп сақшысының пікірімен келіспеген мына бір жайтты да әңгіме барысында мысал етті.
– Адам мәйітін іздеу керек болса төртаяқты достарымыз суға батқан немесе жерден бірнеше метр тереңдікте көміліп жатқан иісті де оп-оңай табады, – дейді маман. – Тіпті мәйіт әлі иістеніп үлгермесе де адамның тірі, я өлі екенін айыра алады. Осы деректе бір кітаптан оқығаным бар. Тауда жүрген бірнеше туристі үйінді басып қалыпты. Ол жерде құтқарушы-кинологтар жұмыс істеп жатты. Содан ит қай жерді қазу керектігін тұмсығымен алға ұмсына отырып көрсетті. Аз уақыттан соң адамды шығарып, бастапқыда дәрігелер ешқандай тіршілік нышаны байқалмайтынын жеткізген. Ал кинолог «Менің итім әлі тыныстап жатқан адамдарды тауып береді» деп қысқа қайырыпты. Итіне деген әсіресенімділікті айтсаңызшы?! Табылған адамды дереу жансақтау бөліміне апарып, ер адам көп ұзамай көзін ашқан.
Тәртіп сақшысы танытқан мінез
ШҚО кинологиялық қызмет Орталығында неміс, белгиялық малинуа овчаркалары, лабрадор, лайка, тіпті тұрқы кішкентай джек-рассел-терьер да бар. Жоғарыда айтқанымызда, есірткі іздеу қажеттілігі туындаса кинологтар көбінесе лабрадордың көмегіне жүгінеді. Ал джек-рассел-терьер есірткі заттарын көлікке жасырып қойғанда таптырмас ізкесушілер. Сұхбат берушіміз полиция жұмысына қолұшын беруге барлық иттердің бірдей жарай бермейтіндігін баса айтты.
– Көбінесе психикалық тұрғыда төзімді иттерді қабылдаймыз, – дейді Алексей Гордеев. – Ол қабілеті құйрықты «із кесушілерді» тапсырма орындауға үйрету кезінде байқалады. Алдымен оларды тестілеуден өткізген жөн. Алақан ұрып, алысқа таяқты лақтырамыз. Сөйткенде ит қызығушылық танытып елең етті ме, әлде қорқып кетті ме? Егер біріншісі болса, онда сөз жоқ, күшік немесе ит болсын, алдағы уақытта тапсырмаларға жылдам бой үйретеді. Түкке түсінбей өз бетінше бұғып, я болмаса жасырынып қалса онымен жұмыс істеу қиын.
Білікті маман бәрінен бұрын неміс овчаркасының әмбебаптығын айрықша атап өтті. Ыстықта да, суықта да сыр бермей, ерекше күтімді де қажет етпейді. Салыстырмалы түрде ризеншнауцер, орыстың қара терьері болсын, жүніне мән беріп, күнделікті назар аударып отыруды қажетсінеді. Тоқ етері, кинологтардың тәрбиесін көріп, түрлі қылмыстың бетін ашу үшін дене бітімі шымыр, жүйке жүйесі берік иттер ғана жұмыста қала бермек.
Мамандар сөзіне сүйенсек, қызметтік иттер сегіз айынан бастап екі жасқа дейінгі аралығында үйретіледі. Ал ең қолайлы кезеңі 4-7 жас аралығы дейді. Қызметтік иттер де «зейнетке» шығатын көрінеді. Қалай десеңіздер, 8-10 жас аралығында өздеріне тән кәсіби ауруға шалдығады. Нақты айтсақ, тірек-қимыл аппараттары сыр беруі мүмкін.