ШҚО-да Мақпал Мысамен «Парасат-прогресс-көзқарас» атты адалдық сағаты өтті

456
көрілім

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өткізілген кезекті «Адалдық сағатының» кейіпкері ақын Мақпал Тәжмағамбетова болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нәзік жырларымен өлең сүйер оқырмандарын сусындатып жүрген ол Алматы облысында дүниеге келген.

Ел аузында Мақпал Мыса деген атпен танымал ақын талай жыр додаларының жүлдегері, атап өтсек, «Алтын тобылғы» байқауының бас жүлдегері, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.

«Бақыттың мәні – парасаттылықта. Ақыл-парасат күші – жақсы мен жаман қылықты айыруға, дүниедегі ізгіліктің күшін игеруге үндейтін, жол ашатын күш» деп сұхбатын бастаған Мақпал Мыса жас буынға берген тәрбиедегі адами құндылықтардың қаншалықты маңызды екенін айтып өтті.

«Елдік мінез қалыптастыру, яғни отансүйгіштікке тәрбиелеу мен рухани азық беру арқылы сана сілкінісін жасауға болатындығын жеткізді.

«Парасат – қараңғыдағы шырақ» дей келе, парасат шыңына тек адам ішіндегі әділдік сезімі арқылы ғана жету мүмкін екендігін, ал оның жас жеткіншек бойына берілетін мейірім мен шапағат арқылы қалыптасатындығын айтты.

Сондай-ақ онлайн-дәріс барысында балаға үйдегі берілетін тәрбие, үлкендерден алған өсиет пен өнегесі, білімі мен ақылы болашағына жарық беретінін жеткізді.

Бүгінде М. Тәжмағамбетова халық қалаулысы атанып, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.

«Қайырылғанда қайрайтын, қарайғанда ағартар – үміт, сенім, мейірім, махаббат, достық, ізгілік сияқты ұлы қасиеттер» деп ақынның өзі айтқандай, адам бойындағы барша ізгі қасиеттер бүгінде парасаттылық ұғымына топтасып тұрғандай.

Тек оқырман сүйіспеншілігіне ғана ие болмай, сенім артқан ел базынасын да шешуге ат салысып жүрген тұлғаның жастарға парасаттылық туралы айтқан сөздері көзі қарақты жастардың жүрегінен орын табады деп есептейміз.