Криминогендік жағдайды сауықтыру, «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде және мал ұрлығының алдын алу мақсатында аймақ көлемінде рейдтер жүргізіліп, сатылған еттің ұрланғандығы да тексерілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құзырлы мекеме мамандарының айтуынша, облыс аумағында криминалдық полиция қызметкерлері, аумақтық басқармалар мен ауылшаруашылығы бөлімдері мамандарымен тізе қосып, ет өнімдерін өткізу және өткізу орындары (базарлар, павильондар, жәрмеңкелер, дүкендер) бойынша рейд жүргізді.
- Қылмыстарға жасалған талдау күздің басталуымен базарларда, павильондарда, жәрмеңкелерде және басқа да жерлерде заңсыз ет өнімдерін сату фактілерінің саны артқанын көрсетті. Мұндай жерлерде ұрланған малдың еті саудаланып жатады, - делінген ШҚО Полиция департаменті ұсынған мәліметте.
Айталық, өткен демалыс күндері криминалдық полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесіп Өскемен және Семей қалаларының ет сату орындары және ет тасымалдаған 52 автокөлік тексерген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша ет өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзудың 16 фактісі анықталды.
Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жеке кәсіпкерлермен қылмыстық жолмен алынған өнімді сатып алғаны үшін, сондай-ақ ет өнімдерін өткізетін адамдармен қылмыстық жауаптылық туралы, тиісті құжаттарды рәсімдеу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары өткізілді.