Синоптиктер өңірде көктемнің соңғы айы өте ыстық болады деп болжауда. Кей жерлерде ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамыр айында ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін.
Алдын ала болжам бойынша айдың алғашқы онкүндігінде еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Онкүндіктің басы мен ортасында республиканың шығысында, таулы және тау бөктеріндегі аймақтарында түнде жаңбыр жауып, соңы қарға айналады.
— Мамыр айының бірінші онкүндігінде күндізгі ауа температурасы 13 градустан 28 градусқа дейін жылынады. Айдың екінші және үшінші онкүндігінде Иран аймақтарынан жылы ауа массаларының келуіне байланысты шығыста күндіз ауа температурасы 30-35 градусқа дейін біртіндеп көтеріледі деп болжануда, — делінген «Қазгидромет» РМК мәліметінде.
Бұл ретте мамырдың екінші және үшінші онкүндігінің кей күндерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, күндіз +15+25 градусқа дейін ыстықтың беті қайтады деп күтіледі. Бірақ мамыр айындағы жауын-шашын мөлшері қалыпты шамада болады делінген.