«Қазгидромет» РМК мамыр айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің мәліметінше, мамыр айында атмосфералық фронттардың жазғы түріне ауысу процесі жүреді. Сондықтан, мамырда елімізде күн құбылмалы болады.
Яғни, арасында күн ысып, келесі күнінде-ақ сынап бағанасы төмендеуі мүмкін. Метеорологтар мамырдың алғашқы онкүндігінде өңірдің басым бөлігінде +20+25°С дейін, оңтүстігінде +30°С-қа дейін жазғы ыстық ауа райы сақталатынын айтады. Кейін облыстың солтүстік-батыс бөлігінде жаңбыр, кей уақытта екпінді жел, дауыл, бұршақ және ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Ұлан мен Жарма аудандарында аспанды бұлт торлап, жел тұруы ықтимал.
Біршама тұрақты ауа райы екінші онкүндікте байқалады. Катонқарағай, Алтай және Глубокое аудандарында бұлтты ауа райы күтілгенімен, орташа температура шамамен +22+26°С аралығында болмақ. Егін еккен шаруалар үшін топырақ кептірер ыстық емес, самал желі аралас, қолайлы жылылық күтіледі. Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарында күн райы ашық, күндіз температура +26+30°С-қа жетеді.
Үшінші онкүндікте салыстырмалы түрде салқындайды. Мамыр айының 21-23 күндері Көкпекті, Күршім аудандары аумағында сілбілеп жаңбыр жауып, сынап бағанасы +21+25°С-ты көрсетеді деп күтілуде.
Одан бөлек, синоптиктер мамыр айының 15-не дейін циклондар мен антициклондардың ауысуына байланысты ел аумағында ауа райы тұрақсыз болып және ауа температурасының ауытқуы күтілетінін атап өтті.