Естеріңізде болса, біз осыған дейін "Қазгидромет" синоптиктерінің биылғы жаз маусымының әдеттегі жылдардан әлдеқайда салқын болатынын болжағанын жазған едік. Мамыр айы сол болжамның алғышартын сездірген сыңай танытты. Сәуір айының соңына қарай бұзылған күн райы мамыр бойы орнап, тұрғындарға ызғарлы күндерін аз сыйламағаны рас. Дегенмен, бірқатар метеосайттар алдағы маусым айының біраз жылы болатынын болжап отыр. Бірақ салқын түндер саны айдың соңына дейін болмақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшсі.
Маусым айының бірінші онкүндігінде Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде жауын-шашын аз түсіп, ашық және алабұлтты күндердің саны артады. Бұл кезде ауа температурасы күндіз +20… +28, түнде +5… +13 градустық межеде болуы ықтимал. Аталған онкүндіктің кейбір күндері өңіріміздің бірқатар аудандарында жауын жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сондай-ақ, бірқатар таулы аймақтарда орналасқан аудандарда үсік жүріп өтуі болжануда.
Айдың екінші онкүндігінде аспанды бұлт торлап, жауын-шашын жиі түседі. Бұл күндері ауа температурасы біраз салқындап, күндіз +19… +29, түнде +12… +20 градустық межеде тұрақтайды. Күн райы әсіресе маусымның 11-15 және 18-21 күндері аралығында салқындап, аспанды бұлт торлап, арты нөсер жауынға ұласады.
Маусымның үшінші онкүндігінде жауын-шашын мөлшері азайып, күндізгі ауа температурасы біраз көтеріліп +21… +34 градусты көрсетуі мүмкін. Дегенмен, онкүндіктің басым бөлігінде аспанды бұлт торлап, кей кездері өткінші жаңбыр жауып өтуі мүмкін.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ