ШҚО-да медициналық импланттар жасауға бағытталған жоба нәтижелі іске асуда

557
көрілім

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары медициналық импланттар жасауда. Жоғары технологиялық жоба өңір басшысы Даниал Ахметовтың қолдауымен іске асырылуда, – деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Бұл жоба 2017 жылы қолға алынған. Университетіміз Өскемендегі Үлбі металлургия зауытымен және елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу университетімен бірлесіп осы бағытта еңбек етті. Осының нәтижесінде отандық импланттар жасау ісі жолға қойылған. Біздің импланттар шетелдіктерге қарағанда біршама жетілген. Себебі отандық импланттарда металл құймаларының сапасы жоғары, – дейді ШҚМТУ прототиптеу орталығының басшысы, ғалым Бағдат Азаматов.

Оның айтуынша, қазақстандық импланттар медицинада қолданыла да бастаған. Алғаш рет импланттар Нұр-сұлтан қаласының екі тұрғынына салынды. Қазір олардың жағдайлары жақсы. Жоба тестілеу мерзімінен өту үшін 30 ота жасалу қажет.

 

– Медициналық импланттар жасау жобасының коммерциялық әлеуеті жоғары. Өйткені негізінен осындай оталар көп жасалады. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтың бізге көрсеткен қолдауын ерекше атап өткен жөн. Қазір сапалы отандық импланттарды жасауға қажетті барлық мүмкіндіктер бар. Алда жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз, - дейді Бағдат Азаматов.

 

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ