ШҚО-да медициналық импланттар жасауға бағытталған жоба нәтижелі іске асуда

227
көрілім

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары адам ағзасына арналған медициналық импланттар жасауда. Жоғары технологиялық жоба өңір басшысы қолдауымен іске асырылуда. Бұл жайлы газет тілшісіне ШҚМТУ прототиптеу орталығының басшысы, ғалым Бағдат Азаматов айтып берді.

– Бұл жоба 2017 жылы қолға алынған. Білім ордасы Өскемендегі Үлбі металлургия зауытымен және елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу университетімен бірлесіп осы бағытта еңбек етті. Нәтижесінде отандық импланттар жасау ісі жолға қойылған. Біздің травматология-ортопедия саласында қолданылатын импланттар шетелдікіне қарағанда біршама жетілген. Себебі отандық импланттарда металл құймаларының сапасы жоғары», – дейді Бағдат Азаматов.

Оның айтуынша, қазақстандық импланттар медицинада қолданыла да бастаған. Алғаш рет импланттар Нұр-Сұлтан қаласының екі тұрғынына салынды. Қазір олардың жағдайлары жақсы. Жоба тестілеу мерзімінен өту үшін 30 ота жасалуы қажет.

– Медициналық импланттар жасау жобасының коммерциялық әлеуеті жоғары. Өйткені негізінен осындай оталар көп жасалады. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтың бізге көрсеткен қолдауын ерекше атап өткен жөн. Бүгінде зерттеу институтының тапсырысы бойынша 8 түрлі имплант жасалды. Сапалы отандық импланттарды жасауға қажетті барлық мүмкіндіктер бар. Алда жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз, – дейді Бағдат Азаматов.

Алдағы 3 жылда жобаны іске асыруға 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Осы соманың 1,8 миллиарды ғалымдар мен инженерлерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалмақ.