ШҚО-да медициналық жабдықтардың 47%-ы ескіріп кеткен

556
көрілім
Фотосурет Best-Country.org сайтынан.
Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік медициналық орындарда медициналық жабдықтардың 47%-ы 20 жылдан бері қолданылып келеді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинова мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Райфа Сафиуллинованың айтуынша, медициналық техникамен қамту деңгейі мемлекеттік медициналық орындарда айтарлықтай төмен. Өңірдегі медициналық техникаларды сатып алу деңгейі негізгі қажеттілікті өтей алмайды. Жоғары техникалық медициналық қажеттілік қанағаттандырылмай, бұл жағдай өңірдің демографиялық ахуалына теріс әсерін тигізіп отырған жайы бар. Өңір ауруханаларындағы медициналық құрал-жабдықтардың 47 пайызы 20 жылдан бері қолданылып келеді.

Басқарма өкілінің есебін тыңдаған облыс әкімі Даниал Ахметов бірнеше медициналық орталықтарды аралап, кемшіліктер орын алып отырғанын атап өтті.

– Мені өңірдегі медицинаның жайы алаңдатады. Мәселе барын ескеріп, жағдайға шынайы баға беру керек. Облыстың күрделі ауру түрлері бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын бірнеше рет айтқан болатынмын. Мұнымен қоймай, өзімізді ақтауға тырысамыз. Бірақ, жоғары квалификациялық көмекті ала алмай отырған адамдардың алдында өзімізді өзіміз ақтай алмаймыз. Жұмыстың кемшілігін саралап, не атқару керектігін анықтап алуға тиіспіз, – деді облыс әкімі.

Аян Өрібаев