Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Шаухина мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанның барлық аумағында өткізіліп келеді. «Жақсылық жаса» ұранымен ұйымдастырылатын игі шараның мақсаты – мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті білім берумен қамтамасыз ету. Сондай-ақ аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылына дайындық барысында материалдық қолдау көрсету, әлеуметтік себептер бойынша олардың мектепке келмеуінің алдын алу.
Жауапты тұлғаның сөзінше, бүгінгі таңда акцияны ұйымдастыру және өткізу бойынша өңірлік іс-шаралардың облыстық жоспары әзірленіп, арнайы штаб бекітілді. Аудандар мен қалаларда «Балаларға жақсылық жаса!», «Ауыл балаларына мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасына көмектеседі: Баланы мектепке жинаймыз!» атты қайырымдылық шараларын өткізу жоспарлануда.
- Жаңа оқу жылында 343 мектепте 98 мыңнан астам оқушы партаға отырады, оның ішінде 22 мыңнан астамы жалпыға бірдей оқыту аясында қолдау алады. 2024 жылға облыстық бюджеттен 4,4 млрд теңге, оның ішінде 957,3 млн теңгеге мектеп формасы мен аяқ киім сатып алу үшін қаржы бөлу көзделген. Акция аясында 4600-ден астам баланы даярлауға көмектесу үшін 646-дан астам меценат тарту жоспарлануда. «Мектепке жол» акциясы кәсіпкерлерді, меценаттарды, мемлекеттік органдарды көмек қолын сөзуға шақырады, - деді Динара Тоқсанбайқызы.
Сонымен қатар 10-12 тамыз аралығында облыс орталығында «Мектеп жәрмеңкесі» өтеді. Оған мектеп формасын дайындайтын отандық тауар өндірушілер мен кеңсе тауарларын сататын кәсіпкерлер шақырылмақ.
Айта кетейік, 30 қыркүйекке дейін білім басқармасы мамандары мен полиция департаменті салмақты себептерсіз мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында рейд жүргізетін болады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА