ШҚО-да 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек және балаларға арналған кепілдендірілген пакет үшін 5,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көпбалалы немесе 23 жасқа дейін оқу орындарында күндізгі бөлімде оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы енгізілген болатын. Көпбалалы отбасылар жеке санатқа енгізіліп, бала санына қарай мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Жәрдемақы отбасының кірісіне қарамастан беріледі. Жаңа жылдан бастап ШҚО-да 12 458 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындау жалғасады. АӘК әр тоқсан сайын тағайындалады, төлемдер ай сайын жасалады. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде еңбекке қабілетті отбасы мүшесіне жұмыс ұсынылады. Келісілген жағдайда әлеуметтік келісімшартқа қол қойылып, АӘК төленеді. Алайда егер азамат ұсынылған жұмысқа орналасудан бас тартса, онда АӘК төлеу оған ғана емес, бүкіл отбасына тоқтатылады. Бірақ балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет және көпбалалы аналарға төленетін төлемдер сақталады.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Кепілді әлеуметтік пакет 1 жастан 6 жасқа дейін және 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға беріледі. Ол айына бір рет АӘК тағайындау кезеңіне шығарылып отырады Мұнда азық-түлік жиынтығы, сонымен қатар бірыңғай мектеп формасы, оқу құралдарының жиынтығы, қоғамдық көліктерде жүретін жол ақысы төмендетілген болады. ШҚО-да АӘК мен МӘК үшін 5,7 миллиард теңге қарастырылған. Көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен төленетін болады.