Бүгін Өскеменде мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар мамандарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау бойынша «ҚАЗТЕСТ» тестілеуі басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Ол халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің қағидаттары мен талаптарына негізделген. Тестілеуді өткізудің негізгі мақсаты – тест тапсырушының тыңдап және оқып түсінуі, ойын ауызша және жазбаша түрде сауатты жеткізуі арқылы азаматтардың қазақ тілін қай деңгейге жақын меңгергендігін анықтау. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған шара мемлекеттік тілдің рөлі мен маңызын нығайтуға зор үлес қосады.
- Бүгін Шығыс Қазақстан облысында «ҚАЗТЕСТ» сынағы өтуде. Бұл – жыл сайын ұйымдастырылатын диагностикалық тест. Оған қатысатын негізгі әлеуметтік топ – мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала мамандары мен ұлттық компания қызметкерлері. Биыл облыс бойынша 500-ге жуық адамды тестілеуден өткізу жоспарланған. Шараны өткізуге атсалысып жатқан ШҚО Мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығына алғыс білдіреміз, - деді тестілеу администраторы Жанар Әділбекова.
Оның сөзінше, тестілеу қорытындысы бойынша елдің әр өңіріндегі мемлекеттік тілдің деңгейі туралы толыққанды ақпарат алуға болады.
- Шығыс Қазақстанда бұрынғымен салыстырғанда нәтиже жоғарылаған. Бірнеше жыл бұрын аудандарда жағдай қиындау еді. Риддер, Шемонаиха, Глубокое аудандары көбіне орыс тілді болғандықтан нәтиже төменірек болатын. Жыл өткен сайын мемлекеттік тілді білу деңгейі артып келеді. Жалпы алғанда облыс бойынша көрсеткіш жаман емес, - деп атап өтті Жанар Болатқызы.
Айта кету керек, диагностикалық тест төрт күн қатарынан тегін өткізіледі. Ол тыңдалым, лексика-грамматикалық және оқылым құрылымы бойынша 100 сұрақтан тұрады. Тапсырмаларды мұқият әрі дұрыс орындау үшін тест тапсырушыға 1 сағат 40 минут уақыт беріледі. Ал 17 шілдеде ақылы негіздегі сертификаттық тестілеуді өткізу жоспарлануда.
Қымбат МУХАМАДИЕВА