ШҚО-да мемлекеттік қызметшілер жұмыс біткен соң үйлеріне қайтпай жүр

238
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Өскеменде өткен Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілген олқылықтар қаралып, әр тақырып жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары және Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Қайрат Сапарғалиев алғаш болып сөз алып, осыдан 20 күндей бұрын бес сұрақ қаралып, 13 ұсыным қабылданғанын жеткізді.

Анықталғандай, 2023 жылдың екінші жартыжылдығына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың жұмыс уақыты режимін сақтау бойынша бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы мәліметті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Болат Кенчимбаев ұсынды. Оның сөзінше, департамент пен мемлекеттік органдарда жұмыс режимін сақтау бойынша мониторинг үнемі жүргізіліп отырады.

– Былтыр екінші жартыжылдық басталғанда 36 мемлекеттік ұйымда тексеріс жүргізілді. Бұл ретте облыстық Кәсіпкерік, индустриялық-инновациялық даму мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары қызметшілерінің жұмыс уақыты аяқталған соң ғимарат ішінде негізсіз қалу фактілері анықталды. Аталған кемшіліктер бойынша профилактикалық тұрғыда тиісті хаттар жолданды, – деді жауапты тұлға.

Анықталғандай, осындай жайт Өскемен қалалық жер қатынастары; сәулет және қала құрылысы; қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінде қайталанған. Яғни, жұмыс уақыты тәмамдалса да, көп адам үйлеріне қайтпай, кабинеттерінде отырды. Бұл туралы бейнежазба да көрсетіліп, кешкі сағат 19:07 болса да, мекеме кабинеттерінің бірінде қызметшілердің асықпайтындықтары байқалды

– Дегенмен департаменттің ұсынымдарына немқұрайлы қараған қалалық бөлімдерде мемлекеттік қызметшілер құқығының тағы да бұзылғаны анықталды. Оған дәлел ретінде қызметкерлеріміз қаңтар айында рейдке шығып, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде олқылықтар тіркелді. Жер қатынастары бөлімі де осы ағаттықты қайталады, – делінген мәліметте.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұндай жайттардың жиілеуін басшылық тараптың еш шара қолданбауымен байланыстырды. Осы сияқты әрекет мемқызметшілер құқығының бұзылуына әкелетін көрінеді. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде бірқатар мемлекеттік қызметші кеш уақытта жұмыста отырса да, аты-жөні мен лауазымын айтудан бас тартқан.

– Осындай келеңсіздіктер бола тұра, «бөгде адамдар не себепті мемлекеттік мекемеде жүр?» деген сауал туындайды. Осыған орай, анықталған қызметшілердің негізсіз үстеме жұмысқа тартылғаны бойынша бөлім басшысына тиісті хат жолданған. Тиісті мониторинг жүргізу барысында өткен жылдың қазан-қараша айларында облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармаларында үстеме жұмысқа тартылғандары анықталды, – деді Болат Нұрахметұлы.

Ендігі шенеуніктер «не себепті жұмыс уақыты біткен үйлеріне қайтпайды?» деген сұрақ туындайды. ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының өкілі сөзінше, бұған тиісті заң аясында шектеу қойылмаған. Егер қызметші келіссе, онда ағаттық жұмыс берушіден кетпеген болып саналады. «Жұмыс болған соң түрлі кедергі шығып қалуы мүмкін» деп келте қайырды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ