ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкер жүгініп, Алтай ауданында Октябрь ауылдық округі әкімдігінің көлік құралдарын жөндеу бойынша шарт жасасудан негізсіз бас тартқандығын айтқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ер адам аталған ауылдық окрук әкімдігі тарапынан автокөлік құралдарын жөндеу бойынша шарт жасасудан бас тартып, осы елдімекенде тұратын басқа кәсіпкердің мүдделеріне заңсыз қолдау көрсеткендігі туралы шағым түсірді. Антикор өкілдеріне жүгінген кәсіпкердің мемлекеттік сатып алу байқауындағы өтінімі «бағаның сәйкес келмеуі» себебінен қабылданбаған.
- Осылайша, әкімдік ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары» бұйрығының 450-тармағының 2-бөлігінің талаптарын сақтамаған, - делінген мәліметте.
Аталған мәселені қарау қорытындысы бойынша ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Атамекен» ӨКП-мен бірлесіп мүдделі тараптармен кездесу өткізді. Нәтижесінде, әкімдік бірінші байқаудың қорытындысын жойып, байқауды қайта өткізетін болды. Кінәлі маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.