ШҚО-да мердігер компания жолды сапасыз жөндеп жатқан

132
көрілім

Өскемен қаласында арнайы тексеру барысында мердігердің жолды сапасыз жөндеп жатқаны анықталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Қала жолдарын жөндеу сапасына жан-жақты мониторинг жасалып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмыс тобы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілдерімен бірлесіп, Абай даңғылы бойындағы «Дина» базарынан Интернациональная көшесіне дейінгі жол учаскесіне инспекциялық тексеру жүргізді. 

Соның барысында зертханалық талдау жүргізу үшін асфальтбетон жабынынан сынамалар алынды. 

- Сынамаларды ауыстыру, құжаттаманы түзету немесе нәтижелерді жою сияқты сараптамалар жүргізу кезіндегі ықтимал бұзушылықтарды болдырмау үшін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сынамаларды зертханаға бірге жеткізді. Зертханалық сынама алынған асфальтбетон үлгілерінің сумен қанығу және қалдық кеуектілік көрсеткіштері бойынша нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама жіберілді, - деп хабарлады Антикордан.