Аймақта 7-10 мамыр аралығында жеке көлікпен саяжайға баруға рұқсат етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
– Халықтың өтініші бойынша ШҚО-ның жедел штабы мереке күндері, яғни 7-10 мамыр аралығында саяжай учаскелеріне жеке автокөлікпен баруға рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Осылайша тұрғындар рұқсат қағазының жұп немесе тақ күндеріне қарамастан қалада немесе блокпосттардан ары орналасқан өз саяжайларына барып демалып, жұмыс істей алады, - дейді әкім.
Оның айтуынша, ең бастысы өзімен бірге бау-бақша серіктестігінің мүшелік кітапшасы немесе саяжай уческесінің иесі екендігін растайтын кез келген басқа құжат болуы тиіс.
– Мамыр мерекелерінде саяжайда белсенді жұмыс басталатынын түсінеміз. Көптеген адамдар табиғатта демалғысы келеді. Бұл біздің әрқайсымыз үшін өте маңызды. Алайда коронавирустың жаңа жағдайларының таралуын және көбеюін болдырмау үшін сақтық шараларын қатаң ұстап, көршілеріңізбен қашықтық сақтауды ұмытпау керек, - деді Даниал Ахметов.