Наурыз айының 31-і күні Өскемен қалалық, Зайсан және Ұлан аудандық мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Өскемендегі №12, Зайсан ауданындағы №5 және №8, сонымен қатар Ұлан ауданындағы №3 аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беру өткізілді. Тұрғындар таңертең сағат 7.00-де бастап дауыс берді. Шығып қалған депутаттардың орнына Өскеменде үш, Зайсан ауданында жеті, Ұлан ауданында үш үміткер сайлауға түсті. Бақылаушылар дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болмағанын айтты.
- Бәрі заңға сәйкес, қалыпты жағдайда өтті. Учаскелерде барлық үміткердің сенімді өкілдері отырды. Қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылаушылар болды. Сайлау барысы бастан-аяқ заңмен белгіленген тәртіпте өтті. Дауыс беру сағат 7.00-де басталып, кешкі 20.00-ге дейін жалғасты, - делінген мәліметте.
Дауыс беру қорытындысына сәйкес №12 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша депутат болып 1974 жылы туған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ комплаенс басқармасының басшысы Арман Айтмұханұлы Құрманғалиев сайланды. №5 және №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Зайсан аудандық мәслихатының депутаттары болып тиісінше 1991 жылы туған жеке кәсіпкер Кенжебек Кеңесханұлы Оспанов және 1985 жылы туған Амангелді атындағы негізгі орта мектептің директоры Асқар Ахатұлы Ахметқалиев сайланды.
Ал №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Ұлан аудандық мәслихатының депутаты болып 1985 жылы туған «Асубұлақ орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дамир Жеңісханұлы Тоқанов сайланды.