Ұлттық банк монеталарды айналымға қайтару шарасын өткізуде. Сонымен қатар банкнотқа ауыстырғандар арнайы сыйлыққа ие болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– ҚР Ұлттық Банкі монеталарды қайта айналымға шығару шараларын жиі ұйымдастырады. Акция екі номинация бойынша өтеді: «Ауыстырылған монеталардың ең жоғары сомасы» және «Ең көп ауыстырылған монеталар». Жеңімпаздар нейзильбер қорытпасынан жасалған монеталар мен Ұлттық Банктің полиграфиялық өнімдері түріндегі жүлделерге ие болады, – дейді ҚР ҰБ ШҚО филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина.
Ұсақ тиындар қандай да бір комиссиясыз ауыстырыла береді. Ай сайын қорытындылап, жүлдегерлерге ұялы телефон арқылы хабарлайды.
Акцияға қатысамын деушілер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін Қазақстан көшесі, 3 мекенжайына келсе болғаны. Түскі ас 13.00-ден 14.00-ге дейін. Ғимаратқа кіру үшін жеке куәлік қажет.