Аймақта педагогикалық қызметкерлерге сауықтыру жәрдемақысы төленеді деген мәселе үш жылдан бері қарастырылып келсе де, шешімін әлі таппай отыр. Білім басқармасына қарасты мекемелер болса жәрдемақыны толық көлемде алып отыр. Десе де кейбір қалалар мен ауылдардың шенеуніктері мұғалімдер қауымына деген қаражаттың жоқтығын айтуда.
Шешім облыс көлемінде қабылданған
Еңбек демалысын алған кезде барлығына бірдей ставкада емес, мұғалімнің нақты жүктемесіне қарай сауықтыру төлемақысын төлеу жөніндегі шешім 2016 жылы облыс деңгейінде қабылданып, 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік серіктестік бойынша облыстық үшжақты келісіммен қайталанған болатын. Өкініштісі сол, содан бері көптеген қалалар мен аудандарда осы келісімдер тек қағаз жүзінде қалып келеді.
– Семей қаласы, Абай, Аягөз, Көкпекті, Бесқарағай, Жарма, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, сондай-ақ Ұлан аудандарында педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға жәрдемақы төлеу мөлшері нақты жұмыс жүктемесімен есептеледі, – дейді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайербекова, – Бородулиха, Зайсан, Шемонаиха, Үржар, Глубокое аудандарында, сонымен қатар Өскемен, Алтай, Курчатов және Риддер қалаларында жәрдемақы алатын жалақы есебінен төленетін көрінеді. Келісім талаптарын сақтау мақсатындағы қосымша қажеттілік құны 190,5 миллион теңгені құрайды.
Облыс орталығында болса мұғалімдерге тиесілі төлемді төлеуден үзілді-кесілді бас тартқан екен.
– 2019 жылға қарай педагог қызметкерлерді сауықтыру үшін төленетін жәрдемақы мұғалімдер жүктемесіне орай қарастырылмаған, – деген қала әкімінің орынбасары Серік Жеңісов ұстаздар үмітін күпті етті, – 2019 жылдың екінші сәуірінде қалалық Білім бөлімінің бастамасымен облыстық Білім басқармасы мен экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына жалпы құны 67 миллион, 579 мың теңгені құрайтын қосымша қаржы бөлу туралы өтініш жасалған.
Әлі де қаражат жетпеуде
Аудандық білім бөлімі басшысының хабарлауынша, Глубокое ауданының оқытушыларына 21,9 миллион теңге жетпей тұрған көрінеді. Одан бөлек, аудан орталығында алаңды жөндеп, субұрқақ орнату да жоспарланыпты. Осы орайда аудан басшылығы мұндай жаңарту жұмыстары үшін бюджетке 89 миллион 285 мың теңге салу жағын қарастырып отыр. Тендерлік құжатқа сәйкес бұл нысанның құны осындай болғалы тұр.
– Менің ойымша, шенеуніктер әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты келісімге қарсы әрекет жасап отырған сияқты, – дейді еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасының бас маманы Иван Соколов, – Ұстаздар есебінен бізде комиссия, сайлау сынды жұмыстар атқарылуда. Ал оларға тиістілерін беру қажетсіз деп саналуда. Осы сауалдың шешімін таппай келе жатқанына үш жылдың жүзі болды. Ол жағы әлеуметтік серіктестік бойынша үш жақты келісім негізінде екі бірдей отырыста қарастырылған-ды. Комиссия өкілі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашевтың «Әкімнің қолы қойылған келісім күні бүгінге дейін неге жүзеге аспаған?» деген сауалына «Қаржы жоқ» деп қана қысқа жауап берілді.
Әлеуметтік серіктестік бойынша үш жақты комиссияның хаттамасында 21 мамырдан бастап «Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Үржар, Шемонаиха аудандары мен Өскемен, Курчатов және Риддер қалаларының әкімдері 2019 жылдың бірінші маусымына дейін толық көлемдегі келісімді орындау үшін тиісті қаражатты бөліп, тауып берсін» деген біржақты шешімі де бар.
Шарасыздықтан шағым түсіруге баруы мүмкін
Алайда ақтарушы биліктің айтар жауабы белгілі – мұғалімдерге төленуге тиісті қаржы қарастырылмаған. Шаһардағы экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Арман Искаковтың айтуынша, қала көлемінде үшжақты келісімге қол да қойылмапты.
– Хаттамалық тапсырмалар орындалып жатқан жоқ, – деп Иван Соколов тағы да пікір білдірді.
Онымен қоса аймақ басшысы қол қойған келісімге қала әкімдігі немқұрайлы қарай алмайды. Әрі қызметкерлердің жағдайын нашарлатуға ешкімнің құқығы жоқ. Шенеуніктерге шара қолдану қажет болса, онда ұстаздар хат түрінде шағым түсіре алады. Десе де ұстаздар бірінші кезекте өздері үшін, қала берді мектебі үшін күдіктенеді. Анығы сол, олар үндемесе «жабулы қазан жабуыл күйінде» қала бермек.