Бұл туралы облыс бойынша мүгедектер қоғамы кеңесі жұмыс тобының төрайымы Өскеменде өткен жиында айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс орталығына жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов өңірдегі бірқатар мәселелерге құлақ түрді. Соның ішінде, облыс бойынша мүгедектер қоғамы кеңесінің жұмыс тобының төрайымы Ольга Кузовлева айтып өткен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбалардың аздығы мәселесі алдағы уақытта шешімін табатындығы белгілі болды.
– Соңғы уақытта облыс атынан сынға түсіп жүрген спортшыларымыз елішілік, халықаралық сайыстарда жүлдегер атанып жүр. Алайда арбада отырып билеу, үстел теннисі бойынша бір арбамен өнер көрсету мүмкін емес, – дейді ол. – Айталық үстел теннисінен республикалық жарыстардың жеңімпазы Анна Мазаева және оның командаластарының күнделікті өмірде пайдаланып жүрген арбасы жарыста өнер көрсетуге жарамайды. Осы ретте салауатты өмір салтын ұстанып, аймақ, ел намысын қорғаймыз деген жерлестерімізге өз арбаларынан бөлек, тағы бір мүгедектер арбасы әперілсе дейміз.
Сондай-ақ қоғамдық кеңес төрайымы мүгедектер арбасын облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арқылы алып жүргендіктен екіншісін алдыру мүмкін еместігін жеткізді. Ольга Кузовлева ұдайы демеушілерден қаражат сұрағаннан гөрі қажет құрал-жабдықтарға заң жүзінде қол жеткізгілері келетіндігін алға тартты.
Ерлан Мұратұлының сөзінше, биыл арнайы портал ашылып, мүгедек жандарға қажетті деген жабдықтар тапшылығын жою бойынша құжаттарға қол қою осы жылы қолға алынбақ.
Әділхан ЕСІМХАНОВ