ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі және мұқтаж отбасынан шыққан 2400 бүлдіршін балабақшаға тегін баруда

649
көрілім

«AMANAT» партиясының ШҚОФ жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері бойынша өңірлік қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жиынға «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова, Кеңес мүшелері, ШҚО білім басқармасы мен ШҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында білім саласына қатысты 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды қамтамасыз ету және колледждер үшін мемлекеттік тапсырыс санын жыл сайын 10%-ға ұлғайту мәселелері қарастырылса, денсаулық саласына қатысты дәрі-дәрмек бағасына байланысты мәселелер талқыланды.

- Өңірде 408 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 319 мемлекеттік, 89 жекеменшік. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 27398 бала қамтылған. 2018 жылдан бастап облыстың барлық мектепке дейінгі мекемелерінде балаларды кезекке қою және мектепке дейінгі мекемелерге жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 2,4 мың бала, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар балабақшаларға тегін баруды жалғастыруда, - дейді ШҚО білім басқармасының бас маманы Раушан Халенова.

«AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасының 33–ші тармағын орындау бойынша жұмыс жалғасуда. Мектептерді жаңғырту жөніндегі бекітілген Жол картасы негізінде 2021-2025 жылдары 6 негізгі бағыт бойынша 2022 жылға 52 мектепті, оның ішінде 3 шағын қалада, 9 аудан орталығында және 40 ауылдық жерлердегі мектептер жаңғыртылмақ.
Сондай-ақ Кеңес мүшелері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.