Бүгін Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының сайлауалды штабы ашылды. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков штаб отырысын ашып, барлық нұротандықтарға сәттілік тіледі.
– Біздің алдымызда өте жауапты кезең тұр. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламаларды орындауда Тұңғыш Президенттің жобалаларын сөзсіз іске асыруда. Өздеріңіз білетіндей, 10 желтоқсанда сағат 18:00-де сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңі басталды. Біздің филиал толығымен дайын: барлық ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық мәселелер шешілді, белсенді топтар мен сенімді адамдар дайындалды. Облыстық және аумақтық сайлау комиссияларында 542 кандидат тіркелген. Оның ішінде 456-сы праймериз жеңімпазы болса, 86-сы партия филиалының квотасы бойынша еніп отыр. Біздің арамызда 2,5 мың сенімді адамдар, 2 мыңға жуық бақылаушылар бар. Бұл сайлауда міндетті түрде жеңіп шығуға тиіспіз, - деді Олег Чугунков.
Аймақтық штаб құрамына 82 адам кірді. Олар мәдениет, білім, ғылым, азаматтық сектор, бизнес өкілдері арасында іріктеліп алынған. Штабтың 57 мүшесінің сайлау науқанын өткізу тәжірибесі бар.