11 желтоқсаннан бастап Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Nur Otan» партиясы өңірлік және қалалық, аудандық сайлауалды штабтарының жанынан 20 қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енген кандидаттар, сондай-ақ партияның сенім білдірген адамдары азаматтарды күнделікті сағат 9.00 ден кешкі 18.00 дейін қабылдайды. Қабылдау онлайн-форматта да жүргізіледі.
Қоғамдық қабылдаулар – партияның тұрғындармен кері байланысының және азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі құралдарының бірі. Осы жылдың 11 айында «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 13 мың өтініш келіп түскен. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп.
Сонымен қатар соңғы 5 жылда қоғамдық қабылдауларға шамамен 73 мың адам жүгінсе, оның ішінде 8 мыңы – онлайн форматта. Олардың 92% оң шешімін тауып, тегін консультация беріліп, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді.
- Талдау көрсеткендей, тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері алаңдатқан, олардың үлес салмағы – 30%. Сол сияқты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері – 16%, тұрғын үймен қамтамасыз ету – 15%, еңбек даулары – 14%, құрылыс – 9%, білім беру – 9%, медициналық қызмет көрсету саласы бойынша – 7%-ды құрап отыр, - деді «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков.