ШҚО-да өмір сүру қымбаттап бара ма?

115
көрілім
фотосурет ашық дереккөзден
Өңірдегі орташа жалақы мөлшері республикалық деңгейге жетпесе де, керек-жарақтың бағасы шарықтап тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық 376,4 мың теңгені құраса, республикадағы орташа жалақы айына 382,3 мың болған. Экономикалық басқарма есебіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында шығысқазақстандықтардың жалақы өсімі 114,6 пайызды көрсетсе, ел көлемінде өсім 112,3 пайызды құрады. Әрине аймақта жалақы мөлшері қарқынды өсіп келеді, соған сәйкес баға да шарықтап, республикалық көрсеткішпен теңесер емес.
Биыл тұтыну бағасының индексі өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 104,6 пайызға өскен. Республикада бұл өсім аз-маз төмен – 103,9 пайыз. Халыққа қызмет көрсету бағасы облыс бойынша ең жоғары – 108,1 пайыз (Республикада – 106 пайыз). Бұл тізімде электр энергиясы, амбулаториялық-емханалық қызмет көрсету, орталық жылыту, ыстық және суық су, жеке автокөліктерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу, автокөлікті сақтандыру, шаштараз қызметтері, тұрғын үй, демалыс пен ойын-сауық, көлік қызметтері бағасы кіреді.
- Азық-түлік өнімдері бойынша баға индексі 102,7 пайызды құрады. Әсіресе, жемістер мен көкөністер – 111, балық және теңіз өнімдері – 107,1, қант пен тәттілер – 105,3, макарон өнімдері – 103,4, ет – 102,4 пайызға қымбаттады. Облыста тауарлар (азық-түлікті қоспағанда) орташа республикалық деңгейден 103,5-тен 104,1 пайызға қымбаттады. Жуғыш және тазалау құралдары, киім-кешек, дәрі-дәрмек, аяқ киім және жеке заттардың бағасын ерекше айта кеткен жөн, - дейді басқарма мамандары.
Өңірдегі баға мен жалақының өсуі туралы ресми мәліметтер аймақ әкімдігінде өткен жиында белгілі болды.