ШҚО-да ондаған автокөлік қар құрсауында қалды

322
көрілім

Жолаушылар «Өскемен - Шемонаиха - Ресей Федерациясы шекарасы» көлік жолындағы жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- 20 желтоқсан күні сағат кешкі 20.00 шамасында біз Новосібірден қайтып келе жатқан болатынбыз. Убаға жеткеннен кейін ары қарай ауа райының бұзылуына байланысты сапарымызды жалғастыра алмадық, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Светлана Андронова. - Қатты боран басталып, жол мүлдем көрінбей кетті. Жол бойында көліктер тізіліп тұрды, оның ішінде 30-ға жуық жолаушысы бар Новосібір автобусы бар. Көліктердің бірінде кішкентай сәбиі бар ерлі-зайыпты жастар болды. Жас баласымен келіншекті Шемонаихаға жіберді, себебі олардың көлігі мүлде өшіп қалған еді.

«Қазавтодор» ЖШС жұмысшылары ауа-райының қолайсыздығы салдарынан жабылған жолдарды ашуға тырысты. Куәгерлердің хабарлауынша, ол жерде арнайы төрт техника жұмыс істеген.

Светлана Андронованың айтуынша, көліктер түні бойы қаңтарылып тұрған. Көлік қозғалысы 21 желтоқсан күні таңертең ғана ашылды.

- «Казавтодор» ЖШС-ға алғыс айтқым келеді. Қар тазалаушылардың уақытпен санаспай еткен еңбектерінің нәтижесінде біз облыс орталығына жеттік, - дейді қала тұрғыны.