Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы аясында Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана жазушылар және журналистер арасында жариялаған «Неткен ғажап дүние!» атты көркем очерк байқауына шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Оралхан Бөкей атындағы республикалық ІІ-әдеби публицистикалық байқауына еліміздің барлық аймағынан 25-45 жас аралығындағы жазушылар және БАҚ өкілдері қатыса алады. Қатысушы авторлық очеркіне сай тақырып қояды. Шығармашылық жұмыстарды қабылдау 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.
«Очерк мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Ұсынылған шығарма 15 беттен аспай (әріп өлшемі – 14, Times New Roman, 1,5 арақашықтығында), бұрын ешқайда жарияланбаған, кейіпкері – шынайы өмірде бар ауылдағы еңбеккер замандасымыз болуы қажет. Көркем тілде және сауатты жазылуына, тәрбиелік маңызына мән беріледі. Қазақстан Республикасы Заңына қайшы келетін, яғни ұлтараздықты, дінаралық алауыздықты тудыратын, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, адамның ар-ожданына тиетін теріс пиғылдағы шығармалар байқауға қабылданбайды. Автор ұсынатын шығармасында аты-жөнін, жұмыс орнын, тұрғылықты мекенжайын, телефонын, электронды мекенжайын нақты көрсетуі тиіс. Әр автордан тек бір ғана жұмыс қабылданады», - деп хабарлады кітапхана қызметкерлері.
Өз туындыларыңызды ukcbs@mail.ru электрондық поштасына жіберуіңізге немесе баспа түрінде кітапханаға әкеліп тапсыруыңызға болады. Жазушылар және журналистика саласының кәсіби мамандарынан құрылған қазылар алқасы жұмыстарды жан-жақты бағалайды. Соның қорытындысы бойынша жеті жеңімпаз марапатталады. Марапаттау салтанаты 28 қыркүйекте – Оралхан Бөкейдің туған күнінде жазушының туған өлкесі Катонқарағай ауданында өтеді.